Жалақысын уақытында алмаған азаматтар тамақты несиеге алуға мәжбүр – депутат

67

Жұмыс берушілерге қойылатын талаптарды арттыру бойынша ұсыныстар берілген.

Жалақысын уақытында алмаған азаматтар тамақты несиеге алуға мәжбүр – депутат Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев жұмыс берушілер жұмысшыларға уақытылы жалақыны төлемеген жағдайда қандай шара қолданылатынын сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Біз қазір қоғамдағы қымбатшылықтың деңгейін көріп отырмыз, күн сайын өсіп жатыр. Біз қазір қоғамдағы жұмыссыздық мәселесін көріп отырмыз. Осының бәрі азаматтардың лайықты өмір сүруіне мүмкіндік бермейтін проблемалар бар екенін білеміз. Заңды түрде жұмыс істеп жатқан азаматтар уақытында жалақысын ала алмайды. Жұмыс берушілер уақытында төлемейді. Салдарынан азаматтар несиесін уақытында жаба алмайды, одан бөлек супермаркеттерде азаматтарымыздың кредитке тамақ алып ішуге мәжбүр екенін көреміз", – деді депутат.

Оның айтуынша, осы мәселені шешу үшін жұмыс берушілерге қойылатын талаптарды арттыру бойынша ұсыныстар айтылған. 

"Өйткені қазір жұмыс беруші уақытында жұмысшыға жалақысын төлемесе, оған әкімшілік жаза қолданылады және азғантай мөлшерде ғана өтемақы төлеуге міндет қойылады. Ал біздер өтемақының мөлшерін Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесінің 1,25-тен 5 есеге дейін көтеруді талап еттік. Бірақ Үкімет мұны қолдамады. Сондықтан да осы қолдамаудың себебін білгім келеді. Алдағы уақытта жұмыс берушілер жұмысшыларға уақытында жалақыны төлемесе, министрлік қандай шара қолданбақ?", – деп сұрады Нартай Сәрсенғалиев.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаевтың сөзінше, егер жұмыс беруші жұмыскерге уақытында айлығын төлемесе, жұмыс беруші жауапкершілікке тартылады. 

"Ол Еңбек кодексінде белгіленген. Сіз айтқан айыппұлды көтеру мәселесін Жұмыс беруші конфедерациясы мен "Атамекен" кәсіпкерлер палатасымен пысықтап жатырмыз. Олар айыппұлды көтеруге қарсылық білдіріп отыр. Себебі жұмыс берушілердің барлығында ондай мүмкіндіктер жоқ. Сол себепті бұл мәселе талқыланып жатыр, біз оған қайтып келеміз", – деді вице-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу