Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жанәлінов елордада өткен баспасөз конференциясы барысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Жалдамалы қызметкерлердің жүйеде "көрінбекі" - үлкен проблема күйінде қалуда, бұл болашақта зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді ала алмау, медициналық қызмет алудағы шектеулер түріндегі әлеуметтік салдарға әкеп соғады. Бүгінгі таңда 1,2 млн жеке кәсіпкерде жалдамалы жұмысшы жоқ, ал 89,3 мың жеке кәсіпкерде 1 ғана жалдамалы қызметкер бар. Кәсіпкерлердің тек 9,5 пайызында 5-тен аса қызметкер тіркелген", – деді спикер.
Кәсіпкерлердің қызметкерлерді "көлеңкеден" шығаруға ынталандыру мақсатында 2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еңбекақы төлеу қорының 20 пайызы мөлшерінде жалақыдан бірыңғай төлем енгізілді.
Бұл еңбекақы төлеу қорына жүктемені едәуір төмендетіп, төлемді жеңілдетті.
"Бірыңғай төлем бір төлеммен енгізіледі, одан әрі бөлуді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы жүргізеді. Бүгінгі таңда 491 кәсіпкерлер бірыңғай төлем төлеуде, оның ішінде бұрын жалдамалы жұмыскерлер көрсетпегендер саны - 35. Яғни, жалдамалы жұмысшыларды тіркейтіндер саны біртіндеп артып келеді", – деді спикер.