Мемлекеттік қолдауға төрт санат бойынша кезекте тұрған барлық қазақстандықтар өтініш бере алады:
- 1 және 2 топтағы мүгедектер;
- мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;
- көп балалы отбасылар.
Субсидия алуға үміткер otbasybank.kz порталында ("Баспана маркет" маркетплейсі) тіркелуі қажет. Оны электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен жасауға болады. Сондықтан азаматтар оны алдын ала алулары немесе қолданыстағы ЭЦҚ-ның жұмыс істеп тұрғанын тексерулері керек.
Порталда тіркелгеннен кейін субсидия алуға өтініш беруші оған төлемдер тағайындалуы үшін стандартты өтініштерді толтырып, өзіне қолайлы пәтер немесе үй табады. Жалға алу келісімшарты порталда үлгі нысаны бойынша автоматты режимде рәсімделеді. Оған сондай-ақ платформада субсидия алуға өтініш беруші (жалға алушы) мен баспананы жалға беруші қол қояды.
- Жеке куәлік, неке немесе некені бұзу туралы куәліктер, балалардың туу туралы куәліктері, тұрғын үйдің бар-жоғы туралы анықтамалар, тіркеу және кіріс туралы мәліметтерді Отбасы банк мемлекеттік органдардың деректер базасымен бірігуі арқылы дербес тексереді. Субсидия алуға өтініш беруші туралы барлық деректерді тексергеннен кейін біз шот ашуға көмектесеміз. Өтініш беруші оған жалдау құнының жартысын аударуы керек. Содан кейін Отбасы банк қалған 50 пайызын қосып, жалпы соманың 100 пайызын жалға берушінің шотына аударамыз, – деп түсіндірді "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Жалдамалы баспананы отбасылар өздері іздейтін болады. Оның құнын есептеу кезінде бірнеше факторды ескеру қажет. Олар Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидаларында белгіленген. Құжатқа сәйкес, жалға алынатын тұрғын үйдің 1 ш.м. құны АЕК-тің жылдық деңгейі мен облыс немесе қаланың белгіленген коэффициенті негізінде қалыптасады.
Сондай-ақ Ережелерде жалдамалы үйдің немесе пәтер аумағының ең жоғарғы көлемі анықталған. 1-3 адамнан тұратын отбасы үшін тұрғын үйдің ауданы 40 шаршы метрден, 4-5 адамнан тұратын отбасы үшін тұрғын үйдің ауданы 60 шаршы метрден, ал саны 6 және одан да көп отбасы мүшелері үшін тұрғын үйдің ауданы 80 шаршы метрден аспауы тиіс. Егер тұрғын үй ауданы кеңірек болса, онда жалға алушы айырмашылықты өз есебінен төлейді.
Мысалы, Алматы қаласының тұрғындары үшін 1 ш.м. құны 2 759 теңге болып белгіленді. Тиісінше, үш адамнан тұратын отбасы шамамен 110 000 теңге тұратын жалдамалы баспана ала алады.
Отбасы банк жалдамалы тұрғын үй субсидиясын жалға алу келісімшартының мерзімі аяқталғанша ай сайын төлейтін болады. Құжаттың күшін мерзімінен бұрын жоюға, сондай-ақ жаңа үй иесімен келісімшарт құруға рұқсат етілген. Бұл жағдайда otbasybank.kz порталында өтініш беру процесі қайтадан жасалады.
Отбасы Банк жыл сайын субсидия алушылардың шарттарға сай келуіне мониторинг жүргізіп, төлем тәртібін ай сайын қадағалап отырады. Ал жергiлiктi әкiмдiктер жалдамалы үйлер мен онда тұрып жатқан азаматтарды кемiнде тоқсанына бiр рет тексеретiн болады.
Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидаларына сәйкес, жақын туыстардан және жұбайлардан, оның ішінде бұрынғы жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан тұрғын үйді жалға алуға, сондай-ақ қайта жалға өткізуге тыйым салады.
Еске сала кетейік, отбасының соңғы 6 айдағы жиынтық табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (36 018 теңге) аспауға тиіс.