Жалған ақпарат таратқандар 3 миллион теңге айыппұл төлейді

Әлеуметтік желіде өзге біреу сіз туралы ғайбат айтып немесе жалған ақпарат таратса, алдымен қажетті дәлелдерді жинау маңызды саналады.  

Жалған ақпарат таратқандар 3 миллион теңге айыппұл төлейді Фото: esa.int

Демек, жазбалар мен жарияланымдардың скриншоттары, заңды түрде жазылған аудио немесе видеожазбалар, куәгерлердің деректері мен телефон нөмірлерін айғақ ретінде пайдалану мүмкіндігі бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Одан соң өтініш жазып, дәлелдермен бірге жеке куәлік көшірмесін e-Otinish порталы арқылы немесе жазбаша түрде полицияға және прокуратураға жолдау керек.

Еске салайық, біреудің ар-намысы мен беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқандарға 3 млн теңгеден аса айыппұл салынады. 

Айыппұл мөлшері ақпараттың таратылған тәсіліне қарай өзгереді.

Журналист Дәурен Омаров соңғы жылдары мемлекеттің жалған ақпаратпен күреске бел шеше кіріскенін айтады. 

– Ақпарат – бүгінгі заманның ең қуатты қаруы. Ол дұрыс бағытта қолданылса, қоғамды біріктіреді, бұрмаланса, бүлік тудырады. Қазіргі жылдам әрі толассыз ақпарат ағынында шындық пен өтіріктің шекарасын дер кезінде айыра білу әрбір азамат үшін өмірлік маңызды қабілетке айналып отыр. Өйткені, қоғамда кейде дабыл қағатын дүрбелең, сенімсіздік немесе үрей нақты жағдайдан емес, дәл осы жалған деректердің салдарынан туындайды, – дейді ол. 

Белсенді азамат Орталық коммуникациялар қызметі құрылымында Жалған ақпаратқа қарсы күрес жөніндегі орталық жұмысын бастағанын да сөз етті. 

– Бұл орталықтың негізгі міндеті – фейктерді дер кезінде анықтап, нақты әрі тексерілген ақпаратпен жоққа шығару. Сонымен қатар, қоғамды маңызды тақырыптар бойынша сенімді деректермен қамтамасыз ету, ақпаратты тұтынудағы мәдениетті қалыптастыру.

Жаңа құрылым жалған ақпараттарға тұрақты түрде шолу жасап, манипуляциялық тәсілдер мен резонанстық оқиғаларға сараптамалық түсініктеме береді. Бұл – күрделі деректерді қарапайым тілмен түсіндіріп, әлеуметтік желілердегі ресми арналардың тиімділігін арттыруға бағытталған бастама, – деп сөзін жалғады журналист. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу