Полиция қызметкерлері өткен жылғы су тасқынына қатысты видео материалдарды дәл қазіргі уақытта орын алып жатқандай бейнелеп, жалған пікірлермен таратушыларға қылмыстық жауапкершілік жүктелуі мүмкін екенін ескертеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Өткен жылғы су тасқынына қатысты материалдар әлеуметтік желіде тарауда. Видеода Ғабиден Мұстафин ауылын су басқандығы жайында айтылады. Бұл шындыққа жанаспайды. Бейне жазба 2015 жылғы су тасқыны кезінде Мұстафин елді мекенінің Футбол көшесінде түсірілген. Қазіргі жағдайда бұл кадрлардың ешқандай қатысы жоқ", - деп мәлімдеді Қарағанды облысының әкімдігінен.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі ауылдағы шынайы жағдайды видеокамераға түсірген. Ол жазбадан ауылда ешқандай су тасқыны жоқ екенін көруге болады. Ауыл жолдары құрғақ, тек еріген қардың суларын ғана байқауға болады. Осыған орай полиция қызметкерлері өткен жылғы видео материалдарды тарату қылмыстық жауапкершілікке түрткі болатынын ескертеді.
"Азаматтардан тексерілмеген ақпараттарды әлеуметтік желіде таратпауды өтінеміз. Заңда жалған ақпаратты таратуға қатысты ҚК 274 бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген", - деп хабарлады облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен. Ал Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің ақпаратынша, қазіргі уақытта өңірдегі су тасқыны процесі баяулап келеді. "Мұстафин ауылы орналасқан Бұқар жырау ауданында су тасқыны және аулаларды су басу орын алған емес. Өңірдегі ең ірі Нұра өзенінде керісінше су деңгейінің 40 сантимерге төмендеуі байқалады", - деді департамен өкілдері.