Жалған диплом жарға жықты

2266

Жуырда республикаға таралып кеткен Қызылорда облысындағы 112 мұғалімнің жалған дипломы жайлы мәселенің астарына үңіліп көрдік.

Жалған диплом жарға жықты

Өңірде әшкере болған бұл жағымсыз жайтта нақты қай пәннің мұғалімдері жалған дипломмен сабақ бергенін жауаптылар жарияламады. Есесіне олардың бұдан бөлек аттестациялау барысында өткізілетін портфолиолардың да түпнұсқаға сәйкес келмейтін құжаттардың салынғаны белгілі болды.

Ұстаз деген ұлы есімге кір келтіріп, заңсыздыққа барған мұғалімдерді облыстық білім басқармасы жоғарғы оқу орындарынан сұрау салу мониторингісі нәтижесінде анықтаған. Сөйтіп ЖОО-дың жалған құжаттары арқасында жалақы алып отырғандарға тұсау салынды.

"Колледж бітірген мамандар мамандығына сәйкес жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алған үстеме ақыларын үкіметке қайтарды. Ал дипломы жарамсыз болып табылған, жалған құжатты пайдаланған педагогтарды жұмыстан босатып, құзырлы органдар тарапынан қылмыстық істер қозғалды", – дейді облыстық білім басқармасы әкімшілік және персоналды басқару бөлімінің бас маманы Ақсәуле Ахметова.

Бұл жердегі коллледж бітіргендердің мәселесіне үңілетін болсақ, олар ЖОО бітіргендермен жұмыс мөлшерлемесі (ставка) бірдей болса да жоғары білімді мұғалімдерден төмен айлық алады. Ал оларға ЖОО бітірген мұғалімдердей тең айлық жазғандары үшін директордың орынбасарлары мен бухгалтерлері жауапты болмақ.

"Бұл күндері жалған диплом жасау, пайдалану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптама жұмыстары жүргізілуде. Биыл 1 ғана жалған диплом бойынша іс тіркелді. Былтыр жоғарғы білім, бакалавр дипломы бойынша 29 дерек анықталған. Қылмыстық кодекстің 385 бабының 1-ші бөлігінде, жалған құжаттар жасау дерегі бойынша ол қылмыстық іс болып табылады. Сондай-ақ, қылмыстық кодекстің 385 бабының 3-ші бөлігінде бұл пайдалану дерегі болып табылады. Қылмыстық іс бойынша дипломдағы мөрге, таңбаларға қатысты құжаттық сот техникалық сараптамалар тағайындалды. Ондағы қойылған қолдарға қатысты сот қолтаңбалық сараптамалар қорытындысына сәйкес тиісті шешім қабылданады", – дейді ҚПБ анықтау бөлімінің аға анықтаушысы Ахмет Қалманов.

Білім саласындағы тағы бір заңсыздық, педагогтерді аттестациялау кезінде мұғалімдердің портфолиоға жалған құжаттарды салу да кездесетіндігін көрсеткен. Мәселен өткен жылдың қаңтар, маусым айларында аттестаттау комиссиясымен 863 құжат қаралып, 24 мұғалімнен жалған құжат анықталған. Ал шілде-желтоқсан аралығындағы тексеріс кезінде 14 ұстаздың сертификаттары мен грамоталары түпнұсқаға сай болмай шығыпты. Енді оларда заңсыз алған үстемақыларын қайтаруға мәжбүр.

"Соңғы үш жылдағы портфолиодағы жалған құжаттар ұсынылған тест нәтижелерінің барлығы құзырлы органдарға берілді. Нәтижесінде, артық алған үстеме қаржы бюджетке қайтарылды. Қазіргі таңда ол мұғалімдер қайтадан өздерінің біліктілігі бойынша тест тапсырып, нәтижесі бойынша жетістіктерін портфолиоға салып аттестациядан өтуде", – деді А. Ахметова. 

Аймақта қатаң тексерілулердің арқасында білім саласында жалған дипломмен жұмыс жасап жүрген мұғалімдер жұмыстан кетіп жатыр. Осы орайда дипломды сатқанда, сатып алған адамға да жазаны қатаңдататын кез жеткен сыңайлы. Бәлкім сонда ғана ЖОО ішіне еніп кеткен, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты ауыздықтауға мүмкіндік туар, деп сенеміз.

Нұрбек Дәуренбеков

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу