Жалған құжатпен 251 млн теңге субсидия алған кооператив басшылары сотталды

323

Тергеп-тексеруді ҚМА-ның Алматы облысы бойынша департаменті жүргізді. 

Жалған құжатпен 251 млн теңге субсидия алған кооператив басшылары сотталды Фото: canva

Алматы облысында субсидияларды жымқыру және жалған шот-фактуралар жазып беру фактілері бойынша сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Іс материалдарына сәйкес, "БАҒДАУЛЕТ и ПК" АӨК және "АМАНТАУ-2023" АӨК басшысы екі жыл бойы агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында субсидияларды заңсыз алып отырған.

Ауыл шаруашылығы басқармасына шикі сүт сатып алу, сондай-ақ сары май мен қатты ірімшік өндіру және өткізу туралы жалған мәліметтер ұсынылған. Жалған құжаттардың негізінде бюджеттен 251 млн теңгеден астам субсидия заңсыз төленген.

Алайда кооперативтерде көрсетілген қызметті жүзеге асыру үшін қажетті өндірістік қуаттар, жабдықтар, жұмысшылар және өзге де ресурстар болмаған.

Сонымен қатар тергеу барысында жалған мәмілелерді рәсімдеу және контрагенттердің салық жүктемесін жасанды түрде төмендету мақсатында пайдаланылған "ComputerService" ЖК арқылы жалған электрондық шот-фактуралар жазып беру схемасы анықталды.

Нәтижесінде бюджетке төленбеген салық сомасы 416 млн теңгеден асты.

Сот қылмыстық схемаға қатысқан екі адамды 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған "BMW" автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу