– Жалған тарих жасаудың қажеті жоқ. Ерте ме, кеш пе, бәрібір әшкере болады. Сондықтан барды бар, жоқты жоқ деп ашық айту керек. Болмаған дүниені әсірелеп, "біз ғана ең мықты халықпыз" деп асыра сілтеуден сақтану қажет. Ең бастысы – тарихтағы ақтаңдақтарды әділ көрсетіп, шындықты жасырмау. Тіпті кейбір қателіктеріміз үшін кешірім сұрауға да дайын болуымыз керек. Өйткені тарихтың әділдігін мойындау – ұлы халықтардың ғана қолынан келеді, – деді депутат.
Сонымен қатар, ол қазақ халқының тарихында ұлы жеңістердің аз болмағанын атап өтті.
– Біз осынау кең байтақ жерімізді сақтап қала алдық. Сол жеңістердің арқасында мемлекет болып, тілімізді, дінімізді, ділімізді жоғалтпай бүгінге жеттік. Әрине, жеңілістер де болды, бірақ оларды жасыруға болмайды. Керісінше, сол қателіктерден сабақ алып, болашақта қайталамауымыз қажет. Сондықтан тарих әділ әрі шынайы жазылуы тиіс, – деп қорытындылады Еділ Жаңбыршин.