Павлодар қаласындағы емханалардың бірінде еңбек ететін медбике бірқатар тұрғынға коронавирусқа қарсы екпе салмастан, оларға ақылы түрде жалған вакцина паспортын дайындап берген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, "пысық" қызметкерге қатысты Қылмыстық Кодекстің 247-бабы "Заңсыз сыйақы алу" бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
"Азаматтарға вакциналауға жауапты болған медбике іс жүзінде екпе салмаған болып шықты. Заңсыз әрекеті үшін тұрғындардан барлығы 160 мың теңге алып үлгерген", – дейді тәртіп сақшылары.
Осы жылдың шілде айында облыс орталығындағы тағы бір емдеу мекемесінің бөлім меңгерушісі, жалпы тәжірибе дәрігері мен екі медбикенің 200-ден астам вакцина паспортын жалған жасағаны анықталған еді. Қазіргі күні құзырлы органдар мәселенің анық-қанығын тергеуде.
Еске сала кетейік, қазір елімізде вакцина паспортын сатып алып, кейін бұл әрекетіне өкінген адамдарға "амнистия" бар. Олар бұл шешімі бұрыс болғанын түсінсе, емханаға келіп, өтініш жазып, іс жүзінде екпе қабылдай алады. Бүгінде облыстың 7 тұрғыны қауіпті дертке қарсы нақты вакцина қабылдады.
Ажар Дәулетова