Жалғыз баласын іздеген ана басшылардан көмек сұрап отыр

1158

Жалғыз баласын іздеген ана басшылардан көмек сұрап отыр

Ақтөбе қаласындағы 41-разъезд базарында қарбыз сатып тұрған жерінен ақ түсті көлікке мініп кеткен Ерхан Тілеумбетов бес тәуліктен бері хабарсыз қалды. Анасы Райхан Есенаманова бүгін облыс әкімінен, құқық қорғаушылардан, көлігінде бейне тіркеу құралы бар жүргізушілерден көмек сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе қаласында тұратын Ерхан Тілеумбетов көліктерге газ қондырғысын орнатып, биыл қарбыз сатуды қолға алған. Ол қарбызды Түркістаннан тасыды. Екі баланың әкесі 3 тамыз күні әдеттегідей тауарды әкеліп, оны базарға шығарады. Бұған дейін хабарлағанымыздай, базар ішіне ақ түсті көлік келіп, онымен бірер минут сөйлесіп, кейін мінгізіп алып кеткен. Бұл көрініс бейнекамераға түсірілгенімен, көлік нөмірін анықтау мүмкін болмай тұр.

"Бизнеспен айналысып жүргеніне бір жыл болды. Газ қондырып, бейқам жүрген еді. Кейін қарбыз сатуды қолға алды. Достарын танимыз, үйге келіп тұрады. Жоғалып кеткен күні біз түнгі сағат 23:00-де Елек полиция бөліміне арыз жазып, таныстарының телефон нөмірін түгел бердік. Оны базар ішіне келген көліктің иесі салып алып кетті. Біз ұрлық деп есептейміз. Полиция үш күн күтті. Алғашқы 15 минутта телефонына қоңырау барған, бірақ жауап бермеген. Содан кейін "жауап бере алмайды, хабарлама қалдырыңыз" деді. Ал кеше сөндірулі деп тұр. Егер оның хабарласатын мүмкіндігі болса, бір қоңырау шалып, айтар еді. Балам үшін алаңдаймын, көмек сұраймын",- деді анасы Райхан Есенаманова.

Ерханның туыстары, достары оны жан-жақтан іздеп жатыр. Жоғалып кеткен соң олар қала сыртындағы алқаптарды қарап, ағаштардың арасынан іздеген. Тіпті балгерлерге барып, базар ішінде түсірілген бейнекамераларды түгел шолып шыққан. Кімнен күдіктенерін білмей отырған отбасы жасырын хабарын берсе, барын беретінін, кез келген ақпараттың құнды екенін көзіне жас алып, айтып берді.

"Біреудің ала жібін аттаған емес. Темекі шекпеді, ішімдік ішпеді. Екі баласының қамымен жұмыс істеді, еңбектенді. Таяуда ғана балалары туралы айтып, оларға үй салып беретінін қуана айтып жүрді. Мұндай күйге қалай түскенін білмей отырмыз", - деді нағашы апасы Назгүл Ерниязова.

Тілеумбетовтың отбасы Ақтөбе облысының әкімдігіне, Бас прокуратураға арыз түсірді. Анасы Райхан Есенаманова Ақтөбе облыстық ІІД басшылығының қабылдауында болды. Ақтөбе облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі із-түзсіз кеткен Ерхан Тілеумбетовке қатысты дерек бойынша іздеу жұмыстары жүріп жатқанын, оқиға бақылауда екенін мәлімдеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу