"Жалғыз қызымды аяусыз өлтірді": Пәтерінде пышақтап кеткен жас дәрігердің әкесі оқиғаны Бишімбаев ісімен салыстырды

768

Басы мен жүрегінің тұсынан пышақпен ұра берген.

"Жалғыз қызымды аяусыз өлтірді": Пәтерінде пышақтап кеткен жас дәрігердің әкесі оқиғаны Бишімбаев ісімен салыстырды Фото: nur.kz

Ақтөбеде өз пәтерінде жауыздықпен өлтірілген жас дәрігер Мөлдір Томарованың әкесі қоғам белсенділерінен көмек сұрайды. Себебі іс бұрмаланып кете ме деп қауіптенеді. Қанды оқиға 22 сәуірде болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Марқұмның әкесі Қалдыбай Томаров сол күні қызымен соңғы рет сөйлесемін деп еш ойламаған. Аяқ асты қара жамылған жанұя қоғамнан жалғыз қызының өліміне кінәлі адам қатаң жазаға тартылуын бақылауды өтінді. Айтуыларынша, бұл оқиға те Бишімбаевтың ісінен асып түспесе кем емес көрінеді.  

"Бұл жағдай Ақтөбеде болды. Қызым сол жақта 10 жыл оқыды. Медициналық университетке мемлекеттік грантпен түсті. Оқуын бітіріп, сол жаққа жұмысқа кірді. Қызыммен оқиға болған күні кешкі уақытта сөйлескен едім. Сағат 23:30 шамасында хабарластық. Қызым Toyota Corolla деген көлігін сатқанын, Қызылордаға билет алып қойғанын, үйге қайтатынын айтты. "Ертең кешке мені пойыздан күтіп ал" деп қоштасып еді. Бұл соңғы рет сөйлескенім екен. Ертеңіне денесін ғана көрдім", - деді Қалдыбай Томаров.

Қаза болған дәрігердің туыстарына қайғылы хабарды полиция жеткізген.

"Ертеңіне немерелерімді балабақшаға апарып, үйдің тірлігімен жүрдім. Телефоныма хабарлама келді. Әлдекімнің аты-жөні жазылған. "Сіздер мына адамды танисыздар ма?" деп жазылып тұрды. Біз оны танымаймыз, түсінген жоқпыз. Шамалы уақыттан кейін полиция қызметкері қоңырау шалып "Ақтөбеге келуіңіз керек, қызыңыз қайтыс болды" деп хабарлады. Төбемнен жай түскендей болды. У-шу болдық. Ағайындар жиналып, екі көлікпен жолға шықтық. Түнде жеттік. Әріптестері күтіп алды. Бірге жұмыс істеген әріптестері мәйітханада жатқан қызымды көрсетті. Жүрегінің тұсында сау жер жоқ. Аяусыз пышақ салған. Басына да пышақ кірген. Үйге әкелгенде де денені ашып көрдім. Басы мен жүрегінің тұсынан ұра берген. Үйге бір күн қондырып, жер қойнына тапсырдық", - деді әкесі.

Қазір марқұмның анасының да денсаулығы сыр берген. 2005 жылы инфаркт алған. Үшінші топ мүгедегі бар.

"Мына жағдай бізді есеңгіретіп жіберді. Бір ұл, бір қызым бар-тұғын… Жалғыз қызым… Қазір анасының да денсаулығы нашарлап кетті. Осы іске қоғамның қадағалауы күшейсе екен. Өзім әлеуметтік желіде парақша ашып қойдым. Өз қолы өзіне жетіп, еңбек етіп жүрген жалғыз қызымызды аяусыз өлтірді. Оған қатаң жаза тағайындалғанын талап етеміз. Оларға тағайындалған жаза да аяусыз болуы керек. Қоғам белсенділерінен көмек сұраймыз. Жағдайдың бұрмаланбауын, қатаң жазалауын бақылауға алса екен", - деді марқұмның әкесі.

Әкесінің айтуынша, 1 маусымда 40 күндігін бергеннен кейін Ақтөбеге тергеу жұмыстарымен танысуға барады.

Айта кетейік, 22 сәуірде болған қанды оқиғаға қатысты "Кісі өлтіру" фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу