"Жалғыз жолдаманы қанағат етеміз"

839

Спорттық құзға өрмелеуден Токио ойындарына жолдама үлестіретін жарыс өтпейтін болды.  

"Жалғыз жолдаманы қанағат етеміз"

Спорттық құзға өрмелеуден Азия аймақтық Олимпиадаға іріктеу турнирі өткізілмейтін болды. Мұндай шешімді Азия спорт клайминг федерациясы әлемдегі коронавирус індетіне байланысты қабылдаған. Осыдан соң, үш қазақстандық спортшы Токио ойындарының жолдамасына таласу мүмкіндігінен айырылды. Қазақстан командасының қоржынында Ришат Хайбуллин жеңіп алған жалғыз жолдама бар. Бұл туралы Спорттық құзға өрмелеуден команда бас бапкері Сәуле Ысқақова Olympic.kz сайтына сұхбатында айтты.

"Біздің спортшылар ғаламдық пандемияға қарамастан, лицензиялық Азия чемпионатына мақсатты түрде дайындалды. Тамара Олжабаева, Әсел Марленова және Әмір Маймұратовтардың 2020 жылғы Азия біріншілігінде жолдама алатын мүмкіндігі мол еді. Алайда, құрлықтық федерация турнирді індетке байланысты кейінге шегеріп, ең соңында лицензиялық жарыстың мүлде өткізілмейтінін мәлімдеді. Ал Азия құрлығына бөлінген екі жолдаманы IFSC (Халықаралық спорттық клайминг федерациясы) 2019 жылғы әлем чемпионатының қорытындысын есепке алып, Оңтүстік Корея спортшыларына берлі. Осылайша, біздің тағы да лицензия иеленеміз деген мақсатымыз орындалмай қалды. Әрине, бұл біздің командаға оңай соққан жоқ. Өйткені, спорттық құзға өрмелеу Олимпиада бағдарламасына алғаш енгендіктен, төртжылдық додасына қатысу, ел қоржынына жүлде салу үлкен мәртебе екендігі анық. Қуанышқа қарай, 2019 жылғы әлем чемпионатында Ришат Хайбуллин қола жүлдемен қатар, көпсайыстан Токио ойындарына жолдама жеңіп алды. Бүгінде оның жаттығуына ерекше көңіл бөлудеміз", - дейді бас бапкер. 

Спорттық құзға өрмелеуден Қазақстан командасы 2021 жылғы маусымда 15 оқу-жаттығу жиынын өткізуді жоспарлап отыр. Ал лицензиялық иегері Ришат Хайбуллин арнайы бағдарлама бойынша Чехияда дайындалып жатыр. 

"Команданың негізгі құрамы үшін жеті жаттығу жиынын өткізу жоспарда бар. Ал Ришат Хайбуллин сегіз оқу-жаттығу жиынын командадан бөлек, арнайы бағдарлама бойынша өткізеді. Ришат өзінің жеке бапкері Ринат Хайбуллиннің жетекшілігімен Чехияда, әлем үздіктерінің бірі Адам Ондраның командасымен бірлесіп жаттығуда. Жолдама иегері әрі әлем чемпионатының жүлдегері болғандықтан, Ришаттан үлкен үміт күтеміз. Сондықтан, оның дайындығына ерекше көңіл бөлудеміз. Қазақстан командасының өзге мүшелері әзірге жеке жаттықтырушыларының қадағалауымен жаттығып жатыр. Алдағы уақытт ел чемпионаты мен кубоктік додаларды өткіземіз", - дейді Сәуле Ысқақова. 

Жақын арада спорттық құзға өрмелеуден Қазақстан кубогін өткізу мәселесі қарастырылуда. Ал команда мүшелері 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жолдама алу үшін мақсатты түрде дайындалмақ. 

"Күнтізбелік жоспарға сәйкес, 12-14 ақпан күндері Қарағандыда спорттық құзға өрмелеуден Қазақстан кубогі бәсекесі өтуі тиіс. Біз жарысты өткізу үшін тас-түйін дайынбыз, тек Қарағанды қаласы басшылығының рұқсаты ғана қалды. Әлемдік турнирлерге қатысты нақты ештеңе айта алмаймын. Бір анығы – 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жолдама беретін турнирлерге тыңғылықты дайындаламыз. Өйткені, Токиодан соң көп ұзамай келесі ойындарға лицензиялық турнирлер басталады", - дейді бас бапкер. 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу