Мемлекет Covid-19 пандемиясы салдарынан іркіліс белең алмауының қамын жасауда. Бұл туралы Finprom.kz басылымы хабарлады.
2020 жылдың қаңтар және наурыз айлары аралығында еліміздің құрылыс секторына құйылған капиталды инвестиция көлемі 11,82 млрд теңге болды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштени 51,7%-ға кем. Капиталды салымдардың 94,3%-ы салушылардың жеке шотынан, 1,6%-ы банктік кредиттерден, 4,1%-ы басқа да қарыздардан алынған.
Өңірлер арасында осы секторға тартылған капиталды салымдардың көлемі бойынша Атырау облысы (3,3 млрд теңге), Алматы облысы (2,1 млрд теңге), Алматы қаласы (1,3 млрд теңге) көш бастап тұр.
Осы жылдың алғашқы үш айында құрылыс секторындағы жұмыс көлемі 456,1 млрд теңгеге жеткен. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 13%-ға көп.
"Нұрлы жер" бағдарламасы аясында елімізде құрылыс саласын қолдауға бағытталған бірнеше шара қарастырылған. Мысалы, әкімдіктер мұқтаж азаматтарға салушылардан дайын тұрғын үй сатып ала алады. Осы мақсатта бюджеттен 35 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар алдағы уақытта ауданы 14 млн шаршы метр болатын жаңа тұрғын үйлер салынбақ.
Табиғат Нұрболат