Бүгін айыпталушылар соңғы сөздерін айтты. Процес барысында экс-министр үстінен арызданған Тұңғышбай Жаманқұловқа еш реніші жоқ екенін жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Ал, Азамат Көшенов актердың жауапсыздығын алға тартты. Сол Жаманқұловтың кесірінен жазықсыз бір жыл түрмеде жатқанын айтып, оның жазған хатын да оқып берді. Ал, Мұхамедиұлының жары бұрын-соңды айтылмаған мәліметті бөлісіп, журналистерге ағынан жарылды.
Сағат 10-ға белгіленген процес бір сағатқа кешікті. Жалпы 2 айға созылған Мұхамедиұлының соты уақытылы басталған кезі некен-саяқ. Экс-шенеунікті және өзге 2 айыпталушыны конвойлар кісендеп алып келіп жүрді. Бірақ бұл жолғы процеске Алмас Нұразхан қатыспады. Денсаулығына байланысты анықтама беріп, онлайн төбе көрсетуден де бас тартты. Оның соңғы сөзі 19-шы маусымда тыңдалады. Ал Мұхамедиұлы екпіндетіп, ақырғы ойын жеткізді. Ақша жымқыру, сөз байласу болмады,- деп отыр.
Ал өзге айыпталушы Азамат Көшенов 1 жыл бойы түрмеде не үшін жатқанын әлі түсінбейтінін айтты. Осы уақыт аралығында онымен тергеушілер төрт-ақ мәрте кездескен. Бас-аяғы 4 сағат қана сөйлескен. Түрмеде жатып, арызданушы Жаманқұловқа хат жазған. Оның бұл әрекеті үшін сұралмайтынына қынжылысын білдірді.
Мұхамедиұлының әйелі кезінде Жаманқұловтың басына іс түскенде күйеуі министрліктен кетуге әзір болғанын айтады. Оны арашалап алу үшін Елбасына дейін барған. Бірақ актер бәрін керісінше ұқты,- деп отыр.
Десе де экс-министр Жаманқұловқа еш ренжімепті. Ал қолдау білдірген өнер майталмандарына алғысын білдірді.
"Бір жыл болды. Бірде бір адам мынандай заңбұзушылық болды деп айтқан жоқ. Керісінше, біз алтын адамды сақтап қалдық. Егер Индияда жата берсін десек, онда алтын адамды жоғалтар едік. Сол үшін төрт адамның ұяты таза. Ешқандай заңбұзушылық жоқ. Қазақстан жасасын. Ешқандай ренжішім жоқ. Аман болсын. Ал қолдап жатқан Асанәлі Әшімов пен Бибигүл Төлегеноваға рақмет", - деді айыпталушы Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Сот келесі аптада Мұхамедиұлы мен өзге де айыпталушыларға қатысты үкім шығарады. Прокурор экс-шенеунікке 9 жыл, ал 3 азаматқа 8 жыл сұрады. Тергеу материалдарына сүйенсек, оларға "алтын адам" көрмесін өткізуге бөлінген 221 млн теңгені жымқырды,- деген айып тағылып отыр.