"Жамбасында тістің ізі тұр": Сүйіктісінің көлігінде мерт болған 19 жастағы қыз жайлы тың деректер айтылды

4683

Түркістан облысы, Сайрам ауданында 19 жастағы бойжеткен жұмбақ жағдайда ажал құшты. 

"Жамбасында тістің ізі тұр": Сүйіктісінің көлігінде мерт болған 19 жастағы қыз жайлы тың деректер айтылды Фото: stan.kz

Қайғылы оқиға 30 маусым күні болған. Дүкенде сатушы болып жұмыс істейтін қыз әдеттегідей аудан орталығына кеткен. Кешкісін жұмыстан шыққан соң жігіті күтіп алыпты. Алайда 18:30-дар шамасында сүйіктісінің көлігіне отырған Дильмура Ергинова үйіне сол күйі жете алмады, деп жазады inbusiness.kz сайты stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Үйіне уақытында қайтпаған қыздарын ата-анасы бірден іздеуге көшкен. Сөздерінше, бойжеткеннің мұндай әдеті болмаған. Жан-жақтың бәрін шарлаған жақындары Дильмурамен сөз байласқан жігітінің де туыстарына хабарласыпты. Олар ұлдарының үйде ұйықтап жатқанын айтып, даурықпады дейді марқұмның отбасы.

“Мен жігіттің қарындасына хабарластым. Ол ағасының үйде ұйықтап жатқанын айтты. Ал, ата-анасы тойда болған екен. Бізге тек түн ішінде хабарлады. Қызымыз сол үйдегі гараж ішіндегі көліктен өлі күйінде отыр екен”, – дейді марқұмның туған әпкесі.

Әкесі сол күні қызына қайта-қайта қоңырау шалып, бірде-бір жауап ала алмағанын айтты.

“Қызымда ұялы телефонын алмай қою, хабарламаға жауап бермеу деген әдет ешқашан болмаған. Содан секем алдық. 6 сағат бойы смартфонына хабарластық. Екі нөміріне де қоңырау барып тұрды. Бірақ тұтқаны алмайды. Соңында көрші ауылдағы үйден табылғанын хабарлады. Барсақ, есік алдында полиция да, жедел-жәрдем де тұр екен. Ал, қызым қайтыс болыпты. Ол менің кенжетайым еді. Бір рет те қарсы сөйлеп, ұрысқан емеспін”, – дейді марқұмның әкесі Данияр Құрбаналиев.

Содан бері ес жия алмай жүрген отбасыға қыздарының иіс тиіп жан тапсырғанын естіртіпті. Оған да көндік деген қаралы жанұя бар сұмдық денені мәйітханадан алып келген соң басталғанын айтады. Сөздерінше марқұмның денесі көгеріп, бет-аузының бәрі қан болған.

“Мен мәйітті жууға кірдім. Куәгермін. Аузына қан толып қалған екен. Маңдайы да, беті де ісіп кеткен. Жамбасында тістің ізі тұр. Қолы да, мұрны да сынған. Сіңіліміз арын сақтау үшін жанталасқан сияқты”, – дейді марқұмның әпкесі Малахат Құрбаналиева.

 

Осылай деген Дильмураның отбасы екі рет сараптама жасалғанын айтады. Екеуінің де нәтижесінде қыз иіс тиіп жан тапсырғаны анықталыпты. Осыған сенбеген Құрбаналиевтер қайтадан сараптама жасаттық дейді. Әзірге қорытынды белгісіз екенін жеткізді.

 

Студент қыздың жұмбақ өліміне күдікті де табылды. Ол 19 жастағы көрші ауылдың тұрғыны. Марқұммен бір жылдан бері сөз байласып жүрген жігіт оған үйленуді де жоспарлаған дейді. Бірақ неге екені белгісіз сүйіктісінің өліміне қатысты күдікті ретінде тұтқынға алынды.

 

“Аса ауыр қылмыс жасады деген күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қылмыстық іс қозғалды. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталуда”, – дейді Түркістан облысының полиция департаменті.

 

Осылайша биыл ұзатылғалы отырған Түркістан облысы, Сайрам ауданының 19 жастағы тұрғыны жер қойнына тапсырылды. Дильмура Ергинованың өліміне не себеп болғаны тергеп-тексеру жұмыстарынан кейін бір-ақ белгілі болмақ.

 

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысы Сайрам ауданы Ақсукент ауылында 19 жастағы жігіт сүйіктісін өлтіріп, денесін көлікжайда алты сағат сақтады деген ақпарат тараған еді

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу