Жамбы атудан 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын үздіктер анықталды

207

Ел намысын кімдер қорғайды?

Жамбы атудан 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын үздіктер анықталды Фото: ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы

Жамбы атудан ұлттық құрамамыз 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын үздік төрттікті анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Еліміздің ең үздік 10 жамбы атушысы көшпенділер ойындарына тікелей жолдама беретін 3 орынды сарапқа салып, іріктеу ойындарына қатысты. Мергендеріміз "мажар", "азия", "түркі", "жамбы" стилдері бойынша бақ сынады. Жалпы есепті қорытындылай келе, 1- орынды Айтбек Сарыбай, 2-орын Абзал Тұлыбеков, ал соңғы жолдаманы Ералхан Айкөз ұтып алды. Айта кетейік, әлем чемпионы Батыр Бексауыт көшпенділер ойындарына тікелей жолдама алған еді.

"Іріктеу сайыстары өте тартысты өтті. Ал енді біз алдағы 5-ші Дүниежүзілік ойындарында алтын алу үшін барымызды саламыз. Ел намысын абыроймен қорғауға уәде беремін", – деді жамбы атудан ұлттық құрама спортшысы Ералхан Айкөз.

Осылайша жамбы атудан 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасы:

1. Ералхан Айкөз – 1998 жылы 5 маусында Түркістан облысы, Төле би ауданы, Майбұлақ ауылында дүниеге келген. 2021 ж. Тегерандағы XVI әлем чемпионатының жеңімпазы және күміс жүлдегері;

2. Батыр Бексауыт – 2001 жылдың 8 тамызында Түркістан облысы, Төле би ауданы, Майбұлақ ауылында дүниеге келген. 2021 жылы Жастар арасындағы ҚР чемпионатында 1- орын, Шымкентте өткен Азия чемпионатының алтын және қола жүлдегері, Қытайда өткен әлем чемпионатының алтын және қола жүлдегері;

3. Айтбек Сарыбай – 1998 жылы 30 қаңтарда, Түркістан облысы, Төле би ауданы, Майбұлақ ауылында дүниеге келген. 2019 ж. Оңтүстік Кореяда өткен XV әлем чемпионатының жеңімпазы және қола жүлдегері, Қытайда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері;

4. Абзал Тұлыбеков – 1996 жылы 31 қазанда Алматы облысында дүниеге келген. 2018 жылы жамбы атудан әлем чемпионатының жеңімпазы.

Қазіргі уақытта спортшыларымыз 6 тамыз күні Алатау бөктерінде басталған оқу-жаттығу жиынында. Жаттығу 18 тамызға дейін жалғасады. Оқу-жаттығу жиындарын ҚР Туризм және спорт министрлігінің Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы ұйымдастырып отыр.

"Дайындығымыз өте жоғары деңгейде. 70-80 пайыз дайынбыз деп айта аламын. Әлі жұмыс істеу керек тұстарымыз бар. Көшпенділер ойындарына 4 спортшымыз жолдама алды. Олармен ары қарай дайындықты қыздыра түсеміз. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлттық спорт үшін Олимпиада деп айтсақ та болатын шығар", – деп атап өтті жамбы атудан ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Бадашев.

Ал, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиыны 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астанада өтеді.

Еске сала кетейік, Республикалық "Жамбы ату" федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге "Аударыспақ", "Көкпар", "Теңге ілу", "Садақ ату", "Бәйге", "Құсбегілік", "Асық ату", "JORYQ" ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын Исламбек Салжанов басқарады.

Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі – ALAGEUM ELECTRIC. Ойындардың Бас серіктесі – Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу