Жамбыл ауданында екі баласына алимент төлеуден жалтарған 30 жастағы азамат үш жылда жиналған 4,1 млн теңге берешегін толық өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған прокуратура қабылдаған шаралар ықпал етті.
Анықталғандай, ер адамның қаржылық мүмкіндігі болғанымен, ол 2023 жылдан бері табысын жасырып, алимент төлеуден қасақана жалтарған. Соның салдарынан екі кәмелетке толмаған баласына берешек жиналған.
2026 жылғы қыркүйекте аудан прокуратурасының бастамасымен полиция Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Тергеу барысында борышкер берешегін ішінара өтеген.
Кейін тараптар медиациялық келісімге келіп, азамат алдағы уақытта алиментті уақтылы әрі толық төлеуге міндеттелді. 19 қазанда тараптардың татуласуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылды.
Прокуратураның мәліметінше, қабылданған шаралар нәтижесінде балалардың бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, сот шешімінің орындалуы қамтамасыз етілді.