Жамбыл облысы дәрі-дәрмек, медициналық жабдықтар өндірісін көбейтпек

788

Биылғы жылы фармацевтика саласы айтарлықтай қиындықтарға тап болғаны белгілі. Фармацевтикалық кәсіптің алдына медициналық препараттар өндірісінің көлемін ұлғайту және дәрі-дәрмектерді импортты алмастыру курсын алу міндеті қойылып отыр.

Жамбыл облысы дәрі-дәрмек, медициналық жабдықтар өндірісін көбейтпек

"Әмір және Д" ЖШС базасында өткен кездесуге қатысушылар өңірдегі фармацевтика саласын дамытуға қатысты ойларын ортаға салды, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өз сөзінде фармацевтика өнеркәсібі стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі болып қала беретіндігін атап өтті.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Жолдауында фармацевтика саласын аяққа тұрғызатын уақыт жеткенін баса айтты. Бес жергілікті компания дәрі-дәрмек өндірумен айналысады. Мемлекеттік қолдауды пайдалана отырып, фармацевтика нарығындағы жамбылдық препараттар үлесін арттыруға жағдай жасау қажет", – деді аймақ басшысы.

Бүгінгі таңда фармбизнес мамандар мен инновациялық жобалардың тапшылығы салдарынан белгілі бір қиындықтарды бастан өткеруде. Таразда С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің филиалының ашылуы осы мәселелерді шешуге көмектеспек. Университет ректоры Талғат Нұрғожиннің айтуынша, университет алғашқылардың бірі болып Фармация мектебін ашқан.

"Мектеп – университеттің ажырамас бөліктерінің бірі. Оның негізінде жасалған ғылыми жобалар фармацевтика саласын жаңғырту және дамыту үшін белсенді қолданылады. Біз жергілікті фармацевтикалық компаниялармен ынтымақтастық орнатуға және ғылыми әзірлемелер бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз",–деді Талғат Нұрғожин.

Сондай-ақ, облыс әкімі әлемнің үздік тәжірибелеріне сүйенудің тиімділігін алға тартты. Оған тек отандық қана емес, шетелдік ғалымдар да тартылмақ. Кездесуге бейнебайланыс арқылы Лунд университетінің профессоры Кеннет Персон (Швеция) қатысты.

Ол Швецияның фармацевтика нарығындағы заманауи трендтер, жергілікті өндірушілердің рөлі туралы айтып берді. Швецияда ірі компаниялар ғылыми институттармен қатар жұмыс істейді. Олардың тәжірибесі жаңа компанияларға беріледі. Бұл байланысты орнатуға және қолдауға құрамына бизнес-тренерлер кіретін арнайы топ көмектеседі. Осылайша, Еуропа елінде фармацевтикалық компанияларды кез-келген қауіп-қатерден қорғауға көмектесетін жүйе қалыптасқан.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев бұл саланы дамыту үшін облыстың әлеуеті зор екендігін сеніммен айтты. Қазіргі таңда Қордай ауданында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының жанынан вакцина өндіретін биофармацевтикалық зауыт салынуда. Жобалық қуаты биофармацевтикалық препараттардың 60 миллион дозасын өндіруге қауқарлы зауытта 65 жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Осы саладағы ірі компаниялардың бірі "Әмір және Д" ЖШС де ірі жобаны қолға алуда. Компания директоры Қарлығаш Қаймолдаева сақтау қоймалары бар фармацевтикалық өндіріс кешенінің құрылысы туралы айтып берді. Онда Экспресс-тестілер мен медициналық бұйымдар шығарылатын болады. Жоспар бойынша оның құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Жобаның жылдық қуаты – 15 миллион экспресс-тест, 1,5 миллион бақылау ерітіндісі және 50 мыңға жуық зарарсыздандыруға арналған орама.

Жаңа өндіріс кешенінде 200-ден астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

"SuperPharm" ЖШС де өндірісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Серіктестік директоры Қайрат Қаймолдаевтың айтуынша, шығарылатын өнім түрлерінің саны артпақ.

Кездесу барысында Қарлығаш Қаймолдаева фармацевтика нарығындағы жағдайды жақсарту бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Бердібек Сапарбаев аталған мәселелердің барлығы республикалық деңгейде көтерілетініне сендірді.

- Бүгін біз фармацевтика өнеркәсібін дамыту үшін барлық алғышарттардың бар екеніне көз жеткіздік. Осы орайда "Қарапайым заттар экономикасы", "Бизнестің жол картасы – 2025" бағдарламаларын пайдалану керек.

Дегенмен, бұл тұрғыдағы өзекті мәселелердің бірі – ешкім инновациялық жобаларды ұсынбайды.

Фармацевтикалық кластердің дамуы жаңа технологияларды қолдану мен білікті кадрларды тәрбиелеуді көздейді.

Шетелдік әріптестермен тәжірибе алмаса отырып, телемедицинаны дамытуға ден қойыңыздар, - деп сөзін түйіндеді Бердібек Сапарбаев.

Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі Жамбыл облысында фармацевтика өнеркәсібін дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу