Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Қырғыз Республикасының Чу және Талас облысындағы үкіметінің уәкілетті өкілдерімен кездесті.
Басқосуда сауда, ауыл шаруашылығы, ветеринария, фитосанитарлық және трансшекаралық өзендерінен су бөлу мәселелері жөнінде түрлі мәселе көтеріліп, жан-жақты сараланды. Жиында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев екі жақты экономикалық қарым-қатынасты әрі қарай дамыту жөнінде сөз сөйледі.
"Көршілес елдердің арасындағы қарым-қатынас – өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, қазіргі әлемдік дағдарыс кезеңінде көрші елмен түйіні тарқатылмаған ортақ мәселені бірлесіп шешкен маңызды. Бүгінгі жиында да көтерілетін мәселелер екіжақты бірлесіп шешуді қажет етеді деп ойлаймын", – дейді Кәрім Көкірекбаев.
Былтыр ауа-райының қолайлы, жауынның мол болуына және диқандардың өнімді уақтылы суаруына байланысты, облысымыздың агроқұрылымы жоғары өнім алды.
Бұл жерде қырғыз әріптестерімізге трансшекаралық өзендер арқылы уақтылы және керекті мөлшерде су беруді ұйымдастырғандарыңызға рахмет айтқым келеді. Кей шаруашылық дәнді дақылды гектарынан 55 центнерге дейін өнім алды.
Жамбыл олбысының әкімдігі хабарлағандай, жиын соңында екі жақты достық қарым-қатынасты бекіту, сауда-экономикалық ынтымақтастық іс-шарасын іске асыру жөнінде бірқатар меморандумға қол қойылды.