Жамбыл облысында жарылыстан қираған мектептің орнына жаңа мектеп салынып жатыр

840

Жеңіл зардап шеккен 3 әлеуметтік нысан мен 124 жеке тұрғын үй демеушілер есебінен жөнделуде, бүгінде 3 әлеуметтік нысан және 72 тұрғын үй қалпына келтірілді.

Жамбыл облысында жарылыстан қираған мектептің орнына жаңа мектеп салынып жатыр

Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев жексенбі күні Байзақ ауданындағы қалпына келтіру жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аудандағы төтенше жағдай кезінде зардап шеккен нысандарды тексеру және қалпына келтіру үшін 5 жұмыс тобы құрылып, олардың құрамына құрылыс басқармасының, аудан әкімдігінің, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу институтының, жобалау ұйымдарының қызметкерлері және төтенше жағдай қызметкерлері енген.

Аталған жұмыс топтарымен Байзақтағы Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы, Төрекелді, Базарбай, Көкбастау ауылдарындағы барлық үйлер зерделеніп, 159 тұрғын үй, 12 коммерциялық, 4 әлеуметтік нысанның зардап шеккендігі анықталды. Оның ішінде 35 үй мен 12 коммерциялық, 1 әлеуметтік нысанға және 1 ауылішілік жолға айтарлықтай елеулі зардап келгендіктен, мемлекет есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша шешім қабылданған.

Сондай-ақ айтарлықтай зардап шеккен әрі бұған дейін тозығы жеткен Жібек жолы ауылының №5 орта мектебінің ескі ғимаратының орнына салынатын жаңа мектептің құрылысы басталды. 

Қазіргі таңда өзге нысандар бойынша жұмыстар қызу жүруде. Жеңіл зардап шеккен 3 әлеуметтік нысан мен 124 жеке тұрғын үй демеушілер есебінен жөнделуде, бүгінде 3 әлеуметтік нысан және 72 тұрғын үй қалпына келтірілді. Елеулі дәрежеде зардап шеккен тұрғын үйлер бойынша да жұмыстар қолға алынған. Бердібек Сапарбаев барған Қайнар ауылында мұндай 19 үй бар, дәл бүгін 6 үйдің шатыры жабылып, ішкі әрлеу жұмыстары атқарылуда.

Жалпы бұл шараларға 12 мердігердің 187 жұмысшысы, 22 техникасы жұмылдырылған. Мердігерлер барлық жұмыстарды тиісті мерзімде аяқтайтындарына сендірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу