Жамбыл облысында мемлекетке қайтарылған активтерден түскен қаражат есебінен денсаулық сақтау және сумен жабдықтау салаларындағы әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жамбыл облысының прокуратурасы мәліметінше, Арнаулы мемлекеттік қордан өңірдің денсаулық сақтау және сумен жабдықтау жүйесін дамытуға 20 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Бүгінде Қордай, Талас және Меркі аудандарында екі жаңа дәрігерлік амбулатория салынып, бір аурухана күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Нәтижесінде 85 мыңнан астам тұрғын, оның ішінде шалғай ауылдардағы 5 мыңға жуық адам медициналық қызметке қол жеткізді.
Мәселен, өткен жылы Қордай ауданындағы Үлкен Сұлутөр, Сұлутөр және Көктөбе ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар ашылды. Бұған дейін тұрғындар 1960 жылы салынған ғимаратта медициналық көмек алып келген. Қазір 3 мыңға жуық тұрғын аудан орталығына бармай-ақ, заманауи медициналық қызмет ала алады.
Сонымен қатар облыста 15 ауыз су нысанының құрылысы аяқталды. Соның нәтижесінде Тараз қаласы мен Жамбыл, Байзақ, Талас, Шу, Тұрар Рысқұлов, Мойынқұм және Қордай аудандарындағы 28 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Талас ауданындағы Қараой ауылында былтыр 90 жыл бойы болмаған ауыз су құбыры тартылды.
Қазір өңірде тағы сегіз ауыз су жобасы мен екі медициналық нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Солардың бірі – Қарасай батыр ауылындағы жаңа ауыз су жүйесі. Жобаның жалпы құны шамамен 2,5 млрд теңге болса, оның 1,9 млрд теңгесі Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген.
Жоба аяқталғаннан кейін ауылдағы 2,5 мыңға жуық тұрғын тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтылады.
Әлеуметтік нысандардың құрылысы мен бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы облыс прокуратурасының тұрақты бақылауында.