Жамбыл облысына медицина мамандары жетіспейді

1211

Қазіргі таңда өңірдің денсаулық сақтау саласы 250-ге тарта білікті маманға мұқтаж.

Жамбыл облысына медицина мамандары жетіспейді

Бұл аймақтағы ауруханалар мен емханаларда, әсіресе акушер-гинеколог, неонатолог, анестезиолог-реаниматолог, кардиолог дәрігерлердің тапшылығы сезіліп тұр.

Өзекті проблеманы шешу бағытында облыста кешенді жоспар құрылып, нақты шаралар қолға алынғанымен, түйіннің тарқатылатын түрі байқалмайды. Жергілікті жауапты мамандардың айтуынша, жас кадрларды тұрақтандыру мақсатында өңірлік қазынадан қыруар қаражат та қаралған. Мәселен, 236 азаматқа 188 млн теңге қаржылай көмек беріліпті.

Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар аясында да осыған бағытталған іргелі істер жоқ емес. Айталық, "Дипломмен – ауылға" бағдарламасымен соңғы үш жыл шамасында 400-ге жуық жас дәрігер ауылдық аймақтарға жіберіліп, түрлі әлеуметтік қолдаулар көрсетілген. Десе де, елді мекендерге тұрақтамай, қайтып кеткендер де бар.

"Бұл аталғандардан бөлек, баспана алу үшін жеңілдетілген пайызбен несие қаржысы да бөлінген. Ал аудандар мен ауылдарға қызметке барғандар арендалық пәтерлерменмен, жатақханалармен, қызметтік пәтерлермен қамтамасыз етіледі. Сонда да қаладағы денсаулық сақтау орталықтарына – 124, ал ауылдықа аймақтарға 126 дәрігер керек", – Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жібек Исаева.

Жергілікті әкімдік өкілінің сөзінше, бұл статистика бір күнде шығарыла салған жоқ, жылдар бойғы жұмыстың нәтижесінде қалыптасқан.

"Сол себептен өңірдегі медицина жүйесін қалыпқа келтіру бағытында жоспарлы шаралар негізінде жұмыс істеп жатырмыз", – деді ол.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу