Жамбыл облысына Түркиядан дәрігерлер келеді

521

Бердібек Сапарбаев Тараз қаласында Башкент университеті клиникасының филиалын салуды ұсынды.

Жамбыл облысына Түркиядан дәрігерлер келеді

 

Түркияның жетекші мамандары жамбылдық медицина қызметкерлерін тегін оқытады

Онлайн-кездесу барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Башкент университеті клиникасының басқарма төрағасы, профессор Мехмет Хаберал денсаулық сақтау саласындағы стратегиялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Түрік мамандары жамбылдық дәрігерлерге жан-жақты қолдау көрсетуге, соның ішінде біліктілігін арттыруға дайын, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

Башкент университетінің клиникасы әлемнің жетекші білім беру және медициналық мекемелерінің бірі.

"Біз Башкент университеті клиникасының үздік мамандары Қазақстанның әр аймақтарында шеберлік сабақтарын өткізіп, семинарларға, конференцияларға қатысып, халыққа консультациялық көмек беретінін білеміз. Сонымен қатар, қазақстандық медицина қызметкерлері сіздердің клиникаңыздың шақыруымен бірнеше рет Анкара қаласында біліктілігін арттырудан өтті. Әлемде медициналық көмектің ілгері дамып, жетіліп жатқандығын, диагностика мен емдеудің жаңа технологияларын енгізуді ескере отырып, Жамбыл облысының медицина қызметкерлері де медициналық қызметтің әртүрлі аспектілері бойынша оқытудан және қайта даярлықтан өтуді қажет етеді.  Атап айтқанда, кардиология, неврология, гастроэнтерология, пульмонология, нефрология, интервенциялық кардиология, нейрохирургия, тамыр хирургиясы, эндовидеохирургия сияқты бағыттарды дамыту керек.  Біздің анестезиологтар, реаниматологтар, неонатологтар, акушерлік және балалар мамандары да өз біліктіліктерін арттыруға тиіс", – деді Бердібек Сапарбаев.

Өз кезегінде Мехмет Хаберал осы бағытта Жамбыл облысымен ынтымақтастық орнатуға дайын екендіктерін білдірді.

"Біз сіздердің медициналық қызметкерлеріңізді қабылдап, оларды тегін оқытуға дайынбыз. Сонымен қатар, медициналық ұйымдар негізінде мастер-кластар, семинарлар, конференциялар және басқа да оқу іс-шараларын өткізу үшін біздің мамандар сіздердің өңірге арнайы жіберілетін болады", – деді профессор Мехмет Хаберал.

Бердібек Сапарбаев қазір эпидемиологиялық ахуалдың жақсарып келе жатқанын, коронавирустық инфекцияның таралу қарқыны төмендегенін атап өтті. Алайда, пандемияның екінші толқынына дайын болу керек. Осыған орай, тәжірибені ескере отырып, облыста қосымша резервтік  тесек қоры құрылып, бюджет және демеушілік қаражат есебінен  құрал-жабдықтар, тест - жүйелері, дәрі-дәрмектер сатып алынуда.

"Бірақ, соған қарамастан, біз медициналық жабдықтармен, шығын материалдары, жеке қорғаныс құралдарымен қосымша жабдықтау қажеттілігін сезінеміз. Төтенше жағдай кезіндегі медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бірінші кезектегі міндет болып табылады. Сондай - ақ, халықаралық стандарттар талаптарына сай келетін жаңа медициналық нысандар салу қажет", – деді Б.Сапарбаев.

Мехмет Хаберал университеттік клиника Жамбыл облысындағы медициналық ұйымдарға гуманитарлық көмек жіберуге дайындалып жатқанын тілге тиек етті. Онда бірреттік және қайта пайдалануға болатын қорғаныс костюмдері, респираторлар, маскалар, антисептиктер, дәрі-дәрмектер және медициналық жабдықтардың бар екендігі айтылды.

Онлайн кездесу соңында Бердібек Сапарбаев профессорға осындай маңызды қолдауы үшін алғысын білдіріп, Тараз қаласында Башкент университеті клиникасының филиалын салу мәселесін қарастыруды ұсынды. Клиниканың филиалдары Еуропаның көптеген елдерінде жұмыс істейтіні белгілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу