Астананың 20 жылдығына орай "Астана.Тәуелсіздік.Рухани жаңғыру" атты ақпараттық пойыз "Тараз" темір жол вокзалынан Жамбыл облысының аудандарына жол тартты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ақпараттық пойыз салтанатты түрде Жамбыл–Шу–Қашқантеңіз және Жамбыл–Жаңатас бағыттары бойынша жөнелтіліп, 25 станцияға аялдайтын болады.
Ақпараттық поездың жөнелтілу салтанатында сөз алған аймақ басшысы жұртшылықты Астана қаласының 20 жылдық төл мерекесі және Ұлт Тәуелсіздігі күнімен құттықтап, Жамбыл облысында елорданың 20 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар бүгін ресми түрде бастау алғандығын жеткізді. Сонымен қатар, ақпараттық пойыз мүшелеріне сәттілік тіледі.
Аталған шараның мақсаты - Астананың 20 жылдық мерейтойын жалпыхалықтық деңгейде өткізу, елорданың Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы ауқымды тарихи рөлі туралы, Астана – өңірлердің серпінді дамуының факторы екендігін шалғай елдімекен тұрғындарына жеткізу, сондай-ақ атаулы мереке аясында тұрғындарды тегін медициналық тексеруден өткізіп, арзандатылған бағамен ауылшаруашылық тауарларын ұсыну, мерекелік концерттік бағдарламалар қойып, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлау.
Айта кетерлігі, жүк вагондарына 120 тонна ауылшаруашылық тауарлары тиеліп, тұрғындарға арзандатылған бағамен (50 тонна картоп, 20 тонна пияз, 8 тонна сәбіз, 18 тонна ұн, 6 тонна күріш, 6 тонна сұйық май, 10 тонна қант, 2 тонна қара құмық) ұсынылатын болады.
Сонымен бірге ақпараттық пойыз құрамында облыс әкімдігі басқармаларының қызметкерлері, этномәдени бірлестік өкілдері, ардагерлер, дәрігерлер мен мәдениет саласының қызметкерлерінен құралған 33 адам бар.
Еске сала кетейік, ақпараттық топ мүшелері екі бағыт бойынша облыс аудандарын аралап, жергілікті тұрғындарға елімізде жүргізіліп жатқан оң істер, Астана, Тәуелсіздік және Рухани жаңғыру жайында ақпарат беретін болады.