Жамбыл облысында сапалы химиялық өнім өндірілетін болады.
"Тараз" химиялық паркі" арнайы экономикалық аймағы еліміздің жаңа экономикалық саясаты бағдарламасына енді. АЭА аумағында жалпы жылдық қуаттылығы 2 млн тоннадан астам дайын өнімді құрайтын 16 жоғары технологиялық химиялық зауыт салынатын болады. Аталған жоба аясында 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
"АЭА-да сапалы химиялық өнім өндіру жоспарланып отыр. Күйдіргіш сода, хлор, глифосат, аммиак, полиэтилен, пестицидтер, сутек тотығы және басқалары өндірілетін болады. Бұл химиялық өнімдер республикамызда шығарылмайды немесе аз мөлшерде шығарылады", — деп атап өтті әкімдік өкілдері.
Жоба бойынша консультант ретінде әлем бойынша 140-тан астам жобаны сәтті іске асырған белгілі Jurong Сингапур консалтингтік компаниясы таңдалған.
Бүгінгі таңда "Тараз" химиялық паркі" АЭА-да бес қатысушы тіркелген. Олардың арасында "Хим-Плюс", "Gadamindustries", "Central Asia Chemical", "Inter-marketing" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және "Ника" өндірістік компаниясы бар.
Жобалар бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 27 млрд теңгеден астам. Болашақ өндірістердің айналасында 100-ден астам ШОБ субъектілері пайда болады деп болжануда.
АЭА-ны іске қосу кезең-кезеңмен жүргізіледі. Алғашқы зауыттың іске қосылуы 2018 жылға жоспарланған.