Жамбыл облысында 16 шақырымдық айналма жол пайдалануға берілді

670

Жамбыл облысында ұзындығы 16,1 шақырымды құрайтын "Тараз қаласының Қырғызстан шекарасына оңтүстік айналма автожолының" құрылысы толығымен аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жамбыл облысында 16 шақырымдық айналма жол пайдалануға берілді

Нысан бойынша құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталған болатын. Жобаны іске асыруға "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында 3,5 миллиард теңге қарастырылған.

Көршілес Қырғызстан тұрғындары біздің облысымыздағы транзиттік жол арқылы өтеді. Осы  орайда жүргізушілерге ыңғайлы болу үшін және қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін айналма жол құрылысы 2019 жылы басталған болатын.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, енді 16 шақырымдық жол бойында кәсіпкерлік нысандары салынып, жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.

Бүгінгі таңда Тараз қаласының 70 мыңға жуық тұрғыны "Алматы-Шымкент" бағытындағы темір жол желісінің арғы бетінде тұрады. Қаланың екі бөлігі арасындағы көлік қатынасы Абай көшесінде орналасқан жалғыз жол өткелі арқылы жүзеге асып келген. Соңғы жылдары көлік қозғалысы қарқындылығының 2-3 есеге өсуіне байланысты қолданыстағы жалғыз жол өткелі көлік ағымын игере алмай, салдарынан кептелістер мен жол көлік оқиғаларының орын алуы жиілеп кеткен болатын. Осы мәселені шешу мақсатында Айша бибі көшесіндегі темір жолды қиып өтетін құрылысы аяқталмаған жол өткелі қайта жаңғыртылып, жобаның жалғасы ретінде республикалық маңызы бар "Тараз-Өтмек Қырғызстан шекарасы" автожолына жанасатын жаңа аталған айналма жол құрылысы жүргізілді.

Айналма жол облыс орталығы жолдарындағы көлік ағынын азайтуға, Тараз қаласы мен Жамбыл ауданының елді мекендері тұрғындарының көлік қатынасын қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Енді транзитті ауыр жүк көліктерінің қаланы оңтүстік беттен Қазақстан-Қырғыз шекараларында орналасқан "Айша бибі" және "Бесағаш" кедендік өткізу бекеттеріне жылдам және қауіпсіз жүріп жетуіне мүмкіндік беріп, көліктік логистиканы дамыта түседі деп көзделуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу