Жамбыл облысында 2026 жылғы егін жинау науқаны жоғары қарқынмен жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 654,9 мың гектар алқапқа орналастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 мың гектарға артық.
Қазіргі таңда 597,5 мың гектар немесе жалпы алқаптың 91,2 пайызы жиналып, 2,8 млн тонна ауыл шаруашылығы өнімі алынған.
Масақты дәнді дақылдарды жинау толық аяқталды. 351,5 мың гектардан 694,8 мың тонна астық бастырылды. Оның ішінде 149,8 мың гектар бидайдан 306,9 мың тонна, 201,8 мың гектар арпадан 387,9 мың тонна өнім жиналды.
Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі де артқан. Өткен жылы гектарына 7,6 центнерден келсе, биыл бұл көрсеткіш 19,8 центнерге жетіп, 2,5 есеге өсті.
Қазір облыста картоп, көкөніс және майлы дақылдарды жинау жұмыстары жүріп жатыр. 7,6 мың гектар картоп алқабынан 179,1 мың тонна, 22,9 мың гектар көкөніс алқабынан 740,4 мың тонна өнім жиналды. Ал 30,5 мың гектар майлы дақылдан 28,8 мың тонна өнім алынған.
Бақша дақылдарын жинау толық аяқталды. 9 мың гектар алқаптан 264,3 мың тонна өнім жиналды.
Жыл қорытындысы бойынша Жамбыл облысында 3,6 млн тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін өндіру жоспарланып отыр.