Жамбыл облысындағы ирригациялық каналдар, дренаждық жүйелер мен құрылысжайларды реконструкциялау жобасы аясында Меркі ауданында жалпы ұзындығы 36,6 шақырым болатын АПТП және "Майлыбай" шаруашылықаралық каналдарының күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазіргі уақытта мердігер ұйым барлық құрылыс-монтаж жұмысын толық орындады. Нысандарды пайдалануға беру және қабылдау үшін жобаның авторы, техникалық қадағалау қызметі мен мердігер ұйым өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрылды. Каналдарға визуалды тексеру жүргізіліп жатыр.
Шаруашылықаралық каналдарды реконструкциялау жұмыстары 2024 жылдың қазан айында басталған болатын. Бүгінде нысандарда 15 арнайы техника мен 30 қызметкер жұмыс істеп жатыр.
– Жобаның жүзеге асырылуы Меркі ауданындағы 2700 гектар суармалы жерге су жеткізуді жақсартып, Жамбыл облысының ауыл шаруашылығын дамытуға ықпал етеді. Су тасымалдау кезіндегі пайдалы әсер коэффициенті 62%-дан 80%-ға дейін артып, су шығынын айтарлықтай азайтады, – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.