Жамбыл облысында 40 ауылды газдандыратын стансаның құрылысы басталды

1069

2021 жылға дейін Жамбыл облысындағы 371 елдімекеннің 237-сі немесе 936 мың тұрғын табиғи газбен қамтылған болатын. 

Жамбыл облысында 40 ауылды газдандыратын стансаның құрылысы басталды

Биыл 25 газдандыру нысанының құрылысына 10,8 млрд теңге қаржы қаралған. Соның ішінде 17 жоба жыл соңында аяқталатын болса, 8-і 2022-2023 жылдарға өтпелі екен. Қазір Жуалы ауданының 15 ауылына дейін жеткізуші газ құбырының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында Жамбыл облысы әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Оның сөзінінен белгілі болғандай, 2021 жылы Шу, Мойынқұм, Жуалы, Жамбыл, Талас аудандарындағы 40 елдімекенде тұратын 89 мың адамды көгілдір отынмен қамту үшін 2 автоматтандырылған газ тарқату стансасының құрылысы басталған. Сондай-ақ Сарысу ауданында құны 15 млрд теңгені құрайтын 2 ауқымды жоба іске асуда. Бұл Жаңатас қаласы мен аудандағы 13 ауылды, яғни 40 мың халықты газбен қамтиды.

Т. Рысқұлов ауданында 10 елдімекенді газдандыру үшін 4 жоба іске асып жатыр. Бұдан бөлек, Мойынқұм ауданының 9 елді мекенін газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге қаражат қарастырылуда. Құрылыс жұмыстары алдағы жылдарға жоспарланған", – деген спикер өңірдегі 156 әлеуметтік нысанның 28-інің жылу қазандықтары табиғи газға ауыстырылғанын жеткізді. Енді келесі жылы 74 нысан, 2023 жылы қалған 54 нысан қазандықтары толық газға ауыстырылады.

Құдайберген Нұрсерікұлы 2021-2022 жылдардағы жылыту маусымына аймақтағы тұрғындарға 188 мың тонна көмір қажет екенін айтты. Қажеттілік былтырғымен салыстырғанда 58,7 мың тоннаға төмендеген. Ал "Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы" ЖШС 1 маусым мен 10 қараша аралығында облысқа 265,650 мың тонна көмір тасымалдапты. Өңірде көмір сатумен 25 нарық субъектісі айналысады.

"Шұбаркөл, Қаражыра көмірлерінің бағасы сортына қарай орта есеппен 12-14 мың теңгені құрап отыр. Ал елді мекендерге дейінгі жеткізу шығынымен қосқанда, 18-20 мың теңгеден сатылуда. Әзірге облыс көлемінде көмір тапшылығы байқалмайды. Бүгінде нарық субъектілерінің теміржол тұйықтарында 5 568 тоннаға жуық көмір қоры бар, қараша айында 18,8 мың тонна көмір келеді", – деді спикер.

Ол әлеуметтік нысандардың автономды қазандықтарына жоспарланған 67,390 мың тонна көмір толық жеткізілгенін хабарлады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу