Жоба Ойық ауылдық округіндегі үй шаруашылықтарын сумен қамтамасыз ету сапасын арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда каналдың 2,5 шақырымы толық қалпына келтірілді. Алдағы уақытта ұзындығы бір шақырым болатын тағы бір учаскеде жұмыстарды аяқтау жоспарланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жобаны іске асыру нәтижесінде Талас өзенінен 40-тан астам үй шаруашылығы суға қол жеткізіп, бұл Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығының дамуына оң ықпал етеді. Жергілікті тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстар үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне және "Қазсушардың" Жамбыл облысындағы филиалына алғыстарын білдіріп жатыр.
– Ауыл тұрғындары бұл суды өз учаскелерін суаруға пайдаланады. Канал шамамен 40 жыл бұрын қазылған, содан бері қатты бітеліп қалған еді. "Қазсушар" филиалының басшылығына техниканы бөліп, канал тазалау жұмыстарын бастап, оның барысын тұрақты бақылауда ұстап отырғаны үшін алғысымызды білдіреміз. Жергілікті халық бұл іске өте риза, – деді Талас ауданы Сейілбек ауылының тұрғыны Медет Бетеубаев.