Жамбыл облысында желатин, пептон, коллаген және басқа да ақуыз өнімдерін өндіретін жаңа зауыттың құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Taraz Gelatin" ЖШС жүзеге асырып жатқан жобаның құны – 5 млрд теңге. Кәсіпорын 8 гектар аумаққа орналасады. Зауытты 2026 жылдың IV тоқсанында іске қосу жоспарланған.
Кәсіпорын жылына 3 мың тоннаға дейін тағамдық желатин және 1 мың тоннаға дейін пептон, коллаген мен басқа да ақуыз өнімдерін өндіре алады.
Қазір құрылыс жұмыстарының шамамен 80 пайызы аяқталған. Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары тәмамдалып, технологиялық жабдықтардың басым бөлігі орнатылған. Қазір өндірісті іске қосу және жабдықтарды сынақтан өткізуге дайындық жүріп жатыр.
Зауыттың негізгі шикізаты – ірі қара малдың терісі. Осыған байланысты инвестор Алматы, Семей, Тараз және Арқалық қалаларындағы ет өңдеу кәсіпорындарымен келісім жасап, 40 тонна ірі қара терісін жеткізу бойынша алдын ала шарттарға қол қойған.
Жобаның іске асырылуы мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және қосылған құны жоғары отандық өнім өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.