Жамбыл облысында 6 ауылға су басу қаупі төніп тұр

168

Тасқынның алдын алу қамымен Жамбыл облысының бюджетінен 260 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға арналарды нығайту, тазалау, бөгет салу жұмыстары жүріп жатыр.

Жамбыл облысында 6 ауылға су басу қаупі төніп тұр Фото: Sputnik / Анатолий Устиненко

Қырғызстанның Чоң қақпа су қоймасы 86%-ға толған, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты.

Тау суы еріп, оған жаңбыр қосылса, қырғыз тарапы Талас өзеніне күнделікті жіберетін 33 текше метр су көлемін арттыруы әбден мүмкін.

Олай болса өзенді жағалай қоныстанған Қарасай, Жасөркен, Қызылқайнар, Сарыкемер, Қостөбе және Тектұрмас тұрғын алабына қауіп төнеді. Қазір оларда 20 мыңға жуық тұрғын бар. Сондықтан жауаптылар өзен арнасын кеңейтіп, қамыс пен тал басқан тұстарын тазартып, ағысын қалыпқа келтіріп жатыр.

Тараз қаласындағы Қарасай тұрғын үй алабында 5 мыңға жуық адам тұрады. Ал жанында 100 метр жерде Талас өзені ағып жатыр. Ортадағы маң аса қауіпті саналады. Себебі биіктігі өзен деңгейімен бірдей ғана. Сондықтан мұнда ұзындығы 400 метрге жуықтайтын биіктігі 2, ені 10 метр болатын бөгет салынып жатыр.

Талас өзені 2016 жылы арнасынан асып, елді мекендерді су алды. Содан кейін бюджеттен 3,4 млрд теңге бөлініп, өзеннің 25 шақырымында бөгет салу, жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасады.

– Жалпы алғанда 260 млн теңгедей қаржы қарастырылып, қазіргі уақытта 6 аймақта тиісті алдын алу шаралары ұйымдастырылып жатыр. Енді 7-ші аймақ қазір шекарада белгілі болып тұр. Ол жерде "Қазсушар" кәсіпорнының техникалары жұмыс істеп, арнаны кеңейту жұмыстарын ұйымдастырды. Бүгінгі күнге 3 шақырымға дейін ұзындығы механикалық тазалау және жағалау бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деп нақтылады облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек. 

Мамандар таулы аумақтағы 6 учаскеде сел жүруі мүмкін деген болжам айтып отыр. Олар Меркі мен Жуалы ауданында орналасқан шатқалдар. Осыған байланысты арнайы штабтың отырысы өтіп, алдағы жоспар пысықталды.

Көлбеу ағын бола қалса, шаруашылықтар қауіпсіз аймаққа көшіріліп, халыққа ескерту жұмыстары жедел жүргізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу