Жамбыл облысында 6 жастағы бала жоспарлы ем кезінде көз жұмды

186

Қайғылы жағдай Т.Рысқұлов аудандық орталық ауруханасында болған.   

Жамбыл облысында 6 жастағы бала жоспарлы ем кезінде көз жұмды Фото: Rattankun Thongbun

Марқұмның туыстары баланың өлім себебі туралы нақты ақпарат берілмегенін және медициналық құжаттарды ала алмай жүргендерін айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Баланың нағашысы әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялап, аурухана басшылығы оқиғаның мән-жайын түсіндірмей, қажетті құжаттарды беруден бас тартып отырғанын жеткізді.

Туыстарының сөзінше, балаға дискинезия  ішкі ағзалардың, әсіресе өт жолдарының қозғалыс белсенділігінің бұзылуы диагнозы қойылған. Емдеу тек көмекші "Креон" препаратымен шектелген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қазіргі уақытта қызметтік тексеріс жүріп жатқанын, ал баланың денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілгенін хабарлады.

"Бала мен оның әжесі 2025 жылдың 7 қазанында жоспарлы түрде ауруханаға жатқызылған. Клиникалық хаттамаға сәйкес тексеру мен ем жүргізілді. Бала жағдайы орташа ауыр болған. 10 қазан күні таңғы сағат 6:55-те кенеттен қайтыс болды. Өлімнің нақты себебі сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады", – делінген ведомство хабарламасында.

Аурухана оқиға туралы полицияға хабар бергенімен, әзірге қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат жоқ. Полиция департаменті түсініктеме бермеді.

Отбасы бейтарап тергеу жүргізуді талап етуде. Туыстарының айтуынша, баланың анасы да екі жыл бұрын дәл осы ауруханада көз жұмған. Енді олар шындықтың ашылуын және жауаптылардың жазалануын сұрап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу