2018 жылдың соңына дейін индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 8 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда, деп хабарлайды abctv.kz ZhambylNews ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, 8 жобаның жалпы құны 16,9 млрд теңге. Жобалардың іске қосылуының нәтижесінде 947 жаңа жұмыс орыны ашылмақ.
Гүлдана Жауынбекованың мәліметінше, өткен жарты жылда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасқан. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 265,0 млрд теңгені құрап, 8,4%-ға өсті.
Сондай-ақ, өнеркәсіп саласындағы оң динамикаға индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорындар өз үлесін қосуда. Ағымдағы жылдың 6 айында бұл кәсіпорындар 13 млрд теңгенің өнімін өндірді.