Жамбыл облысында өткен жылы 39 орман өрті оқиғасы тіркеліп, одан келген шығын 74 миллион 892 мың теңгені құраған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгінде республика бойынша өрт шалған аумақтың көлемі жөнінен Жамбыл облысы алғашқы қатарда тұр. Мамандардың айтуынша, өрт оқиғасының алдын алу, тұтанған жалынды шұғыл сөндіру үшін техниканың аздығы мен штат санының жетіспеушілігі себеп.
"Қазіргі таңда орман шаруашылығы мекемелерінің талапқа сай материалдық-техникалық базасының көрсеткіші 52,2 пайызды құрап отыр. 2018 жылы мемлекеттік мекемелердің материалдық-техникалық базаларын жақсарту мақсатында жергілікті бюджеттен 235 млн теңге бөлінді. Оған, барлығы 85 дана техникалар мен құралдар алынды. Олардың қатарында 15 трактор, 2 шағын орман өртін сөндіру кешені, 14 соқа, 10 тіркеме, 4 патрульдік автокөлік және басқа да қажетті техникалар бар", – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов.
Басқарма басшысы орман шаруашылығы мекемелері жанынан орман өрт сөндіру станциясының 126 бірлік жасағы құрылғанын жеткізді.
Айта кету керек, 2019 жылға облыстық бюджеттен 130,0 млн тенге бөлініп, оған орман шаруашылығы мекемелеріне қажетті техникалар алу жоспарлануда. Сондай-ақ, ормандардағы өрттің алдын алу мақсатында басқарманың бастауымен орман шаруашылығы мекемелерінде 1-үлгідегі 4-жасақшыдан тұратын 8 өрт сөндіру станциясын ашу көзделуде. Бұл орман шаруашылығы мекемелерін оңтайландыру есебінен құрылмақ.