Жамбыл облысында әкімнің міндетін атқарушыға пара алғаны үшін 12 миллион теңге айыппұл арқалады

307

Айыппұл мерзімінде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.

Жамбыл облысында әкімнің міндетін атқарушыға пара алғаны үшін 12 миллион теңге айыппұл арқалады Фото: elitar.kz

Жамбыл облысы жемқорлық фактілері азаймай тұр. Мәселен Мойынқұм ауданында парақорлық жасағаны үшін аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы С.Төлегеновке, қаржы бөлімінің басшысы Т.Әділбаев және жеке компания өкілі А.Шұбаевқа айыппұл салынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Жеңіл жолмен ақша табуды ойлаған әкімнің міндетін атқарушы Төлегенов қаржы бөлімінің басшысы Әділбаевтан 400 мың теңге пара алған.

"Төлегенов пара алғаны, ал Әділбаев мемлекеттік сатып алу саласындағы жұмыс жөніндегі функцияларды лауазымдық міндеттерінен алып тастамағаны және қызмет бойынша жалпы қамқорлығы үшін оған 400 мың теңге сомасында пара бергені үшін кінәлі деп танылды. Бұдан басқа, Әділбаев Мойынқұм ауылының жолдарын жөндеу бойынша орындалған жұмыстарға жедел ақы төлегені үшін Шұбаевтан 600 мың теңге сомасында пара алған", – делінген хабарламада.

Сот үкімімен Төлегенов пен Шұбаевқа 12 миллион теңге, Әділбаевқа 26 миллион теңге айыппұл салынды.

Қылмыстық кодекстің 41-бабына (Айыппұл) сай, белгіленген айыппұл мерзімінде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына ( адамның кінәлі екені заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі) және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне ( Кiнәсiздiк презумпциясы) сай, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әр адам кінәсіз деп есептеледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу