Жамбыл облысында әлеуметтік осал топ өкілдеріне бөлінген ақшаны жымқырған шенеуніктер сотталды

525

Қордай ауданында әлеуметтік осал топтарға коммуналдық төлемін төлеу үшін бөлінген қаржының 21 млн 600 мың теңгесін жымқырған шенеуніктер сотталды.  

Жамбыл облысында әлеуметтік осал топ өкілдеріне бөлінген ақшаны жымқырған шенеуніктер сотталды Фото: aikyn.kz

Сот үкімімен аталған қылмысы үшін мемлекеттік қызметшілер 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп жазады inbusiness.kz сотқа сілтеме жасап.

"Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы 3 жыл 6 айға, осы бөлімнің сектор меңгерушісі 7 жылға, маман - 3 жыл 6 айға, тағы да осы бөлімде келісімшартпен жұмыс істеген маман 7 жылға сотталды. Сондай-ақ бір кәсіпкер сот үкімімен 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды", - деді Қордай ауданы прокурорының орынбасары Қайсар Бекмұратов.

Тексеріс нәтижесінде 2020 жылғы пандемия кезінде мемлекеттік бюджеттен 26 млн теңге бөлінгені анықталды. Қаржы әлеуметтік осал топ өкілдерінің коммуналдық шығынын өтеуге бағытталуы тиіс болатын. 

Прокуратура мәліметінше, Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, 3 қызметкері және бір кәсіпкер қылмыстық топ құрып, алдын ала келісіп қаражатты бөліске салған.

Осылайша мемлекеттен бөлінген қаражат мұқтаж азаматтардың қалтасына жетпей жымқырылған.

Қылмыстық іс бойынша Қордай ауданы прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармақшасы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді.

"Нәтижесінде аудандық соттың үкімімен қылмыскерлердің кінәсі толық дәлелденді. Бүгінгі таңда мемлекетке 18,8 млн теңге қаражат қайтарылды", - деді аудан прокурорының орынбасары Қайсар Бекмұратов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу