Жамбыл облысында екі-үш күннен бері ауа температурасы аптап ыстық болуынан, жедел жәрдем қызметіне хабарласқандар саны артты, деп хабарлайды abctv.kz.
Бүгін, яғни 26-шілде күнінің жарты тәулігінде жедел жәрдем қызметіне облыс орталығы Тараз қаласының өзінен 400-ден аса шақырту тек осы ауа-райына байланысты түскен. Олардың барлығы күн өту салдарынан түрлі жағдайға тап болғандар. Зардап шегушілердің 21-іне күн өтіп кетсе, төрт тұрғын тіпті күйіп қалған. Өзгелері түрлі дәрежедегі бас айналу, қан қысымы мен дене қызуының көтерілуі, іш өту сынды белгілер.
Мұндай жағдайға алаңдаулы жедел жәрдем қызметкерлері өз кеңестерін беруде. Жедел жәрдем стансасының дәрігер-кеңесшісі Ұлбосын Тутешова: "Мынадай аптап ыстықта суды көп қолдану керек. Бұл ретте түрлі тәтті сусындар емес қарапайым су болғаны дұрыс. Әдетте, адам күніне 1 литр су ішетін болса, күн ыстықта оны 3 есе көбейту керек. Әсіресе лимон қосылған су термен шыққан тұздың орнын тез толтырады",- дейді.
Ал осы айдың 23-жұлдызында төтенше жағдайлар қызметі арнайы СМС хат арқылы 26-30 шілде аралығында қатты ыстық болатынын айтып, ескерту жасаған болатын.