Жамбыл облысында "Асарлатып үй салу" жобасы қолға алынды

2443

Облыс бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мемлекеттік нысандардан шыққан жарамды материалдар үй құрылысына пайдаланылмақ.

 Жамбыл облысында "Асарлатып үй салу" жобасы қолға алынды

 Жамбыл облысының 300-ден астам елдімекенінде 300-ден астам үй асарлатып салынады. "Асарлатып үй салу" жобасы "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында қолға алынып отыр , деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жобаға қолдау білдіріп, игі істі ұйымдастыру үшін Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне де тапсырма берді.

Байзақ ауданында бастау алған асарды облыс бойынша Жамбыл облысының "Рухани жаңғыру" жобалық офисі үйлестіреді. Басты мақсат – халықтың бірлігін арттыру, мұқтаж жандарға көмек беру. Жобаның тағы бір ерекшелігі – үйлі болатын отбасын анықтауға ауыл әкімдігі ғана емес, қазыналы қарияларымыз, ақсақалдар да атсалысуда.

Бұл туралы облыстық "Рухани жаңғыру" жобалық офисінің басшысы Зарина Қуатова айтып өтті.

"Бұл – қазақы әдепті жаңғыртудың бір жолы. Ал, облыс бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мемлекеттік нысандардан шыққан жарамды материалдар үй құрылысына пайдаланылмақ. Жомарт жандар да қол ұшын беруде. Сондай-ақ бұл – "Рухани жаңғыру" бағдарламасының "Прагматизм" бағыты аясында жаңадан қолға алынған "Үнем – қоғам қуаты" арнайы жобасын іске асырудың, яғни, ысырапшылдыққа жол бермеудің, мемлекет мүлкін талан-таражға салмай, игі іске жұмсаудың төте жолы", – дейді З.Қуатова.

Бүгінде бірқатар аудандарда жоба бірден қолдау тауып, тұрғындардың ауылдастарына асарлатып үй салып беру ісі басталып та үлгерген.

Оның бір мысалы ретінде Байзақ ауданы, Мәдімар ауылдық округ әкімінің шешімімен 15 соттық жер телімі бөлініп, 4 бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана – Ғалия Құрмановаға 4 бөлмелі үй салынып жатқанын айтуға болады. Оған ауылдықтар көптеп-көмектеп қолғабыс білдіріп жатыр. Мұндай игі тірлік аудандағы Үлгілі, Қызыл жұлдыз, Бәйтерек ауылдарында жалғасын табуда.

Сондай-ақ, Сарысу, Шу ауданындағы да бірқатар ауылдық округтерде осы бағыттағы жұмыстар қолға алынған. Атап айтсақ, Сарысудың Жаңаталап ауылдық округі Ұйым ауылы тұрғындары тарапынан қаржы жинақталып, жалғызбасты анаға асарлатып үй салынуда.

Қазіргі таңда үйдің қабырғалары көтеріліп жатыр. Басқа ауылдарда да жұмыс қолға алына бастаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу