Жамбыл облысы Жамбыл ауданының тұрғыны үйінде есірткі өсірген. Полицейлер жалпы салмағы 3 келі 520 грамм өсіруге тыйым салынған 41 дана егілген өсімдік тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Ұсталған адам Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Жамбыл облысына әлеуметтік желі арқылы танысқан әйел үшін көшіп келгендігі белгілі болды. Оның айтуынша, қарасораны өскен соң кептіріп, өзі тұтыну үшін тұқымын еккен.
"Бұрын есірткі сатқаны үшін сотталған күдікті өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 300-бабы 1-бөлігімен (Өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді егу, өсіру немесе қарасора, көкнәр, құрамында есірткі заттары бар басқа да өсімдіктердің сорттарын өсіру) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды", – деп хабарлады облыс ПД ЕҚҚІБ бастығы Әлім Бажықбаев.
Күдіктіге қатысты 2 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстары жүргізіледі. Немесе алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектелуі де ықтимал.