22 қаңтарда сағат 7.20-да ауа-райының күрт нашарлауына байланысты, яғни күшті желден жолда көріну мүмкіндігінің нашарлауына орай Алматы – Ташкент республикалық маңызы бар тасжолының Айша бибі ауылынан Түркістан облысының шекарасына дейінгі бөлігінде автокөліктің барлық түрі үшін жол жабылды. Сонымен қатар Тараз-Қаратау-Жанатас бағытында да жол жабылды.
Халыққа хабарлау мақсатында ұялы телефондарға 21 қаңтарда дауылды ескерту, ал 22 қаңтарда жол жабылғаны туралы СМС- хабарлама жолданды, сондай-ақ аталған ақпарат әлеуметтік желілеріндегі ТЖД парақшаларына орналастырылды.
Автожолдарды тазалау үшін жол қызметерінің күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Сағат 14-30-дағы жағдай бойынша Айша бибі ауылында 60 жүк және 45 жеңіл автокөлік, "Алматы-Термез-Ташкент" автожолындағы жабық учаскеде 38 жүк автомашинасы, 15 жеңіл автомашинасы, 2 шағын автобус қалып отыр.
Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін ТЖД-дан 8 бірлік техника және 21 адам оқиға орнына барды. ТЖД күші "Қаратау – Тараз" автожолында қар құрсауында қалған автокөліктерден 23 адамды құтқарды, қар құрсауынан 6 жеңіл автокөлікті сүйреп шығарды. Жуалы ауданындағы "Алматы-Термез-Ташкент" автожолында қар құрсауында қалған автокөліктерден 59 адамды құтқарды. Жаңатас-Қаратау автожолы Жаңатас қаласындағы ақауы бар автокөліктен 3 адамды эвакуациялады.
Жуалы ауданында жылыту пункттері ашылды. Онда 53 адам жеткізілді, 6 адам туыстарына жеткізілді. Барлық жылыту пункттерінде тамақтану ұйымдастырылды, медицина қызметкерлерінің кезекшілігі қамтамасыз етілді.