Жамбыл облысында биыл егіс алқаптарының көлемі 2025 жылмен салыстырғанда 16,7 мың гектарға қысқарып, ауыл шаруашылығы дақылдары 623,3 мың гектарға орналастыру жоспарлануда. Өткен жылы 640 мың гектар алқаптан 3,2 млн тонна өнім жиналған болатын, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Егістік алқаптарының қысқаруы 2026-2028 жылдар аралығында Ислам даму банкінің қаржыландыруымен 76 каналға жүргізілетін жөндеу жұмыстарына тікелей байланысты.
Суармалы жер көлемінің уақытша азаюына байланысты суды көп қажет ететін көкөніс дақылдарының көлемі 7,5 мың гектарға қысқарып, жалпы алаңы 23,6 мың гектарды құрайды. Сондай-ақ бақша дақылдарының көлемі 8 мың гектарға азайтылып, 4,7 мың гектарға орналастыру жоспарлануда.
Дегенмен, басымдық өңірде орналасқан қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуге беріледі. Осы мақсатта дәндік жүгері алқабы 11,8 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 30 мың гектарға жеткізіледі. Қант қызылшасының егіс көлемі 1,9 мың гектарға артып, 8,5 мың гектарды құрайды.
Жалпы алғанда, 76 каналды жөндеу жұмыстары 51,4 мың гектар алқаптың сумен қамтылу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Шаруалар көктемгі дала жұмыстарына қажетті материалдық-техникалық ресурстармен толық қамтамасыз етілді. Қажетті 58 мың тонна тұқым дайындалып, қоймаларға жеткізілді. Өнімділікке тікелей әсер ететін минералды тыңайтқыштарды енгізу мәселесі ерекше бақылауда. Биыл 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған.
2026 жылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына шаруалардың өтінімдері негізінде 27,4 мың тонна дизель отыны бөлінді. Көктемгі дала жұмыстарына 10,7 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылмақ.
2026 жылы "Кең дала-2" бағдарламасы аясында көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 7 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі таңда 101 шаруаға 2,8 млрд теңге көлемінде 5 пайыздық жеңілдетілген несие берілді.
2026 жылдың бірінші тоқсанында жүгеріні терең өңдейтін Fufeng Group компаниясының ірі өндірістік кешені іске қосылады. Жоба құны – 800 млрд теңге. Толық қуаттылыққа шыққан кезде жылына 3 млн тонна жүгері өңдеуге қауқарлы.
Каналдарды жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін 2029 жылы жүгері егіс алқаптарын 80 мың гектарға дейін ұлғайтып, зауытқа өткізілетін өнім көлемін 560 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда.
Осы мақсатта бірнеше ірі жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, "Харвест Агро Холдинг" ЖШС-не 41 мың гектар жер беру жұмыстары жүргізілуде. Үш жыл ішінде инфрақұрылым тартылып, су үнемдеу технологиялары енгізіледі. 20 мың гектар алқапқа жүгері егіліп, өнім зауытқа өңдеуге тапсырылады.
Республика бойынша 2025 жылы дәндік жүгеріден 1 млн тонна өнім жиналды. Оның 90 пайызы оңтүстік өңірлерге – Алматы, Жетісу және Түркістан облыстарына тиесілі.
Осыған байланысты Fufeng Group компаниясымен бірлесіп аталған өңірлерде жүгері қабылдау пункттерін ашу жоспарлануда. Облыс әкімдіктерімен зауытты шикізатпен қамтамасыз ету бағытында әріптестік іс-қимыл шаралары жүргізілуде.
2026 жылы қант қызылшасының егіс көлемі 8,5 мың гектарға жеткізіліп, 450 мың тонна өнім алу көзделуде. Жиналған өнім өңдеу саласын дамыту бағытындағы екі негізгі кәсіпорында өңделеді.
Біріншісі – Тараз қант зауыты. Кәсіпорын 2001 жылдан бері қант қызылшасын өңдеуді тоқтатып, тек қант құрағынан қант өндіріп келген. 2025 жылдан бастап зауыт модернизациядан өтіп, қант қызылшасын өңдеуге қайта бейімделуде. Биылғы маусымда іске қосылып, 200 мың тонна қант қызылшасын өңдейді.
Екінші өндірістік база – Меркі қант зауыты. Қазіргі таңда зауыт тұрақты режимде жұмыс істеп тұр. Жылдық өңдеу қуаттылығы – 250 мың тонна.
Сондай-ақ 2027 жылы қытайлық "Zhongkai Kazakhstan" компаниясының жаңа қант зауытын іске қосу жоспарланған. Кәсіпорын жылына 1 млн тонна қант қызылшасын өңдеуге мүмкіндік береді.