Жамбыл облысында есірткі саудасымен айналысқан екі тұрғын ұсталды, деп жазады inbusiness.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, 16 желтоқсан күні Шу қаласының маңындағы құмды аумақта орналасқан Бетқара шаруа қожалығында 38 және 27 жастағы жергілікті тұрғындар ұсталды. Жедел іс-шараларды облыстық Полиция департаменті мен облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері өткізді.
"Шаруа қожалығының аумағында тінту жүргізу барысында сарайдан жалпы салмағы 73 келі 120 грамм кептірілген марихуана және салмағы 570 грамм гашиш есірткі заты бар 8 полипропилен қабы мен полиэтилен пакеті табылып, тәркіленді. Ұсталғандар өз кінәсін толық мойындады. Олар Меркі ауданының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды", - делінген хабарламада.
Ұсталған 38 жастағы азаматтың бұрын бірнеше рет істі болғаны белгілі болды.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.