Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитетпен бірлесіп, жел электр станцияларын салу бойынша ірі жобаны жүзеге асырып жатқан "TotalEnergies" ЖШС-нің құқықтарының сақталуын қамтамасыз етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 765 млрд теңгені құрайды. Жоба аясында жыл сайын жаңартылатын энергия көздерінен 1 ГВт-қа дейін электр энергиясын өндіру, 150 жаңа жұмыс орнын құру және бюджетке қосымша салық түсімдерін қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Анықталғандай, инвесторға құрылыс жүргізу үшін жалпы аумағы 1 693 гектар жер учаскесі берілген. Алайда уәкілетті органның әкім қаулысының мемлекеттік тіркеу рәсімін кешіктіруі жобаның іске асырылуына қауіп төндірген.
Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде заң бұзушылықтар жойылып, әкім қаулысы белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуден өткізілді. Соның нәтижесінде инвестордың құқықтары толық қалпына келтірілді.
Кінәлі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі уақытта инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және әкімшілік кедергілерді жою бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Жамбыл облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларға 8 (775) 891-25-52 телефоны немесе 115 нөмірлі call-орталық арқылы хабарласуға болатынын еске салды.