Жамбыл облысында 2026–2030 жылдарға арналған "Қазақстан балалары" бірыңғай бағдарламасы аясында балалардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған кешенді шаралар іске асырылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бағдарламаны жүзеге асыруға 10 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Жоба білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, қауіпсіздік, мәдениет және спорт салаларын қамтиды. Бағдарлама білім басқармасымен қатар барлық жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен жүзеге асырылады.
Ең ауқымды қаржыландыру білім беру саласына бағытталады. 2026–2030 жылдары бұл мақсатқа жалпы 3,9 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Қаражат білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын дамытуға және заманауи технологияларды енгізуге жұмсалады.
Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған бейнебақылау жүйелерін енгізу. Бұл мақсатқа 2028 жылдан бастап жыл сайын 588,8 миллион теңге бөлінеді.
Денсаулық сақтау саласына 2026–2028 жылдары шамамен 2,9 миллиард теңге қарастырылған. Қаржы балаларға қатысты зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету кабинеттерін ашуға, ерте араласу және оңалту орталықтарын құруға, балалар ауруханаларын жаңғыртуға, психикалық денсаулық қызметін дамытуға және мектептерде стоматологиялық профилактика кабинеттерін ұйымдастыруға бағытталады.
Әлеуметтік қорғау саласына 2028–2029 жылдары 920 миллион теңге бөлінеді. Бұл қаражат ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау және оңалту орталықтарын ашу жұмыстарына жұмсалмақ.
Қауіпсіздік бағытында 2026–2030 жылдары 380 миллион теңге қарастырылған. Аталған қаржы білім беру ұйымдарының маңына жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін фото және бейнефиксация камераларын орнатуға бағытталады.
Сонымен қатар мәдениет саласында ауылдық жерлердегі балаларға арналған тегін үйірмелер мен секцияларды ашуға жыл сайын шамамен 1,8 млн теңге қарастыру жоспарланып отыр. Ал спорт бағытында балаларды жүзуге үйрету бағдарламасы тұрақты түрде қаржыландырылып, жыл сайын 122–148 миллион теңге бөлінеді.
Бағдарлама аясында 2027–2030 жылдары балаларға арналған қауіпсіз су айдындары, жағажайлар мен бассейндер ұйымдастыру, сондай-ақ мектеп маршруттарын жол жөндеу бағдарламаларына енгізу көзделген. Бұл бағыттарға бөлінетін қаржы 805 млн теңгеге дейін өседі.