Жамбыл облысында көктемгі дала жұмыстары басталды

507

Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 770,4 мың гектарға себіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,4 мың гектарға артық.  

Жамбыл облысында көктемгі дала жұмыстары басталды Фото: gov.kz

Нақтырақ айтқанда, 398,3 мың гектарға дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, 72,1 мың гектарға майлы дақылдар, 44,8 мың гектарға көкөніс, 10,4 мың гектарға қант қызылшасы, 11,8 мың гектарға картоп, 16,8 мың гектарға бақша дақылдары және 216,2 мың гектарға мал азығы егілмек, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бүгінгі таңда облыс бойынша жоспардағы 104 мың гектар жердің 605 гектары жыртылған. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков атап өтті.

"Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 95,6 мың тонна тұқымның 73,1 мың тоннасы дайындалды. Бұл қажетті тұқым көлемінің 76,4 пайызын құрайды. Ал, жетіспейтін қант қызылшасы, дәндік жүгері, картоп, сүрлемдік жүгері мен күнбағыс дақылдарының тұқымын Алматы, Қарағанды, Павлодар және Жетісу облыстарынан және шет мемлекеттерден жеткізу көзделуде", - деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, биылғы егіс жұмыстарына 6883 дана ауыл шаруашылығы техникасы, яғни, 4 529 трактор, 1 071 соқа, 746 дана дәнсепкіш, 457 дана қопсытқыш, 80 дана тұқым дәрілегіш техникаларын жұмылдыру жоспарланған.

Жалпы, көктемгі дала жұмыстарына қажетті дизель отыны 15,5 мың тоннаны құрайды. Оның 4,1 мың тоннасы облысқа жеткізіліп, 495 тоннасы шаруашылықтарға таратылды. Жанар-жағар май 204-214 теңге аралығында босатылуда.

Қазіргі кезде Байзақ және Жамбыл аудандарында егістік жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу