Жамбыл облысында қоқыс контейнерлерінің бірінен жаңа туған сәби табылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Желіде тараған ақпаратта оқиғаның Қордай ауданында болғаны туралы айтылған.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсінік берді. Табылған сәбидің қыз бала екені белгілі болды.
"Полиция қылмыстық іс қозғады. Нәрестенің анасының жеке басын анықтауға және оқиғаның барлық мән-жайын айқындауға бағытталған жедел-іздестіру және тергеу шараларының кешені жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта бала медициналық мекемеде жатыр. Оның жағдайы тұрақты деп бағаланады, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ", – делінген хабарламада.
Құзырлы органның хабарлауынша, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.