Жамбыл облысында шу шығарып, жол қозғалысы ережесін бұзғандар жауапқа тартылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі таратқан ақпараттан белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Белгілі болғандай, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында автокөліктер кортежі анықталды. Онда көліктердің бірінің жолаушысы люктен шығып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып, айналасындағылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіріп, отшашу атқан.
"Құқық бұзған 18 жастағы қала тұрғыны анықталып, ұсталды. Ол елдімекенде пиротехникалық бұйымдарды пайдаланғаны, түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ жол ережесін бұзуға жол берген автокөлік жүргізушілері де жазаланды", – деп хабарлады ІІМ.
Полиция осы сияқты заң бұзушылықтардың әрбір дерегі анықталып, кінәлі тұлғалар міндетті түрде тәртіппен жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.