Жамбыл облысында макарон өндіретін цех ашылды

1385

Жамбыл облысында макарон өндіретін цех ашылды

Байзақ ауданындағы Қызыл жұлдыз ауылы аумағында орналасқан "Рола-7" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аты бұл күнде еліміздің барлық өңірлеріне, тіпті бірқатар шетелдерге де танымал. 2008 жылы ашылған бұл кәсіпорын өзіндік даму жолына түсіп, желісін кеңге жая түсуде, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Серіктестік  жанынан  жаңадан "Рола-Ян" кәсіпорнының ашылуы соның бір айғағындай. Қытайлық инвестор Сяо Хонвейдің 288 миллион теңге инвестиция салуының нәтижесінде аталмыш кәсіпорын "DL-650X" қондырғысымен жарақтандырылып отыр. Осы заманауи технология алты түрлі ұзын кеспені жасап шығаруға мүмкіндік береді. Ол өзімізде өндірілетін ұн, тұз, жұмыртқа секілді отандық өнімдерден даярланады.

Жоба 2015–2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының  индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр.

"Жуырда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Елбасы екі жаңғыру кезеңінен абыройлы өтіп, үшінші жаңғыру кезеңіне қадам басқанымызды айтып, Үкімет пен облыс басшыларына экономикалық дамудың жаңа модельдерін құруды тапсырды. Бұл жаңа жобалардың жүзеге асуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік берді. Өңірімізде таяу жылдарда 35 жоба жүзеге асып, 5500 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылады. Ал биылдың өзінде 12 жоба жүзеге асуы тиіс. Міне, сол көзделген жобаның алғашқысы осы – "Рола-Ян" кәсіпорны болып отыр. Жаңа нысан құтты болсын. Осындағы басшылар мен жұмысшыларға табыс тілеймін!", – деді облыс әкімінің орынбасары Т. Жанке.

Мұнда тәулігіне 30 тонна өнім өндіруге мүмкіндік бар. Әзірге күн сайын 25 тонна ұн кеспесі дайындалуда. Өнімдерге еліміздің барлық аймағынан және Ресей, Қытай, Өзбекстаннан да сұраныс бар екен. Тіпті көршілес қырғыз бауырларымыз да бұл өнімді тұтынуға ықыласты. Кәсіпорынның болашағы өте зор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу