Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бейнеконференц-байланыс режимінде Астана күніне орай мемлекеттік медальдармен және төсбелгілермен марапатталған медицина қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
Бердібек Сапарбаев оларға коронавирус пандемиясымен күрестегі адал және қажырлы еңбектері үшін алғыс білдірді.
"Коронавирус пандемиясына байланысты сіздер мен барша әріптестеріңіздің жұмыс жүктемесі еселеніп, шұғыл режимде еңбек етудесіздер. Гиппократ антына адалдық танытқандарыңыз үшін сіздерге тек алғыс айтамыз!" – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев Астана күнімен құттықтады.
"Осынау мерекеде біз медицина қызметкерлерінің елеулі еңбегін ескерусіз қалдыра алмадық. Еліміздің әрбір тұрғынының дені сау және бақытты ғұмыр кешуін тілейміз. Әр отбасыда амандық орнап, еліміз гүлдене берсін!" – деп облыс әкімі тілектестігін білдірді.
Басқосуда 10 медицина қызметкері мемлекеттік ордендермен, медальдармен және Алғыс хаттармен марапатталды.